Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұлттық күрестен өткен "Дала қырандары" рейтингтік турнирі сегіз салмақ дәрежесінде Қазақстанның ең мықты деген балуандарын анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Боз кілемде Армия орталық спорт клубының спортшылары Нұрдәулет Бақтыбайұлы мен қатардағы жауынгер Ерасыл Жанатаев жоғары нәтиже көрсетті.
Жыл басталғалы бері Қазақстанда қазақ күресінен бес рейтингтік жарыс өтті Олардың қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде ең көп ұпай жинаған сегіз балуан анықталды.
Жарыс барысында кілемге бірнеше дүркін Әлем чемпиондары, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының жеңімпаздары, Азия кубогының иегерлері, "Қазақстан барысы" турнирінің және бұған дейінгі "Дала қырандары" турнирлерінің жеңімпаздары шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша сегіз спортшы "Дала қырандары" турнирінде "Бас балуан" атағына ие болды. Оның жүлде қоры 100 000 доллар.
Армия спортының өкілдері екі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Қарулы күштердің қызметкері Нұрдәулет Бақтыбайұлы 82 кг салмақта және мерзімді қызмет сарбазы Ерасыл Жанатаев 90 кг салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді.
– Менің ойымша, бұл жақсы нәтиже. Біздің екі спортшы чемпион атанды, – деді Армия орталық спорт клубы қазақ күресі командасының бастығы лейтенант Асан Мәмбетқұлов. Бұл спортшылар алдағы тамыз айында қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы алғашқы CISM әлем чемпионатында Қарулы күштердің намысын қорғайды.