Ұлттық ұланның Алматыдағы Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы «Қазақ титаны» аталып кеткен спортшы, файтер, KINES рекордтар кітабының үш дүркін рекордшысы Жұманов Алмат Бахытұлымен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сарбаздармен кездесу үшін әскери бөлімге ақын-жазушылар, спорттағы чемпиондар, әр саладағы өнер адамдарының келіп тұруы дәстүрге айналған деуге болады. Әскердің оң бейнесін қалыптастырып, әскери қызметтің абыройын арттыра түсуге, кейінгі буын жастарды Отанды сүю, қадірлеу, оны қорғау үшін дайын болуға тәрбиелеуде түрлі спорт саласының да ықпалы зор екені сөзсіз.
Бүгін де осындай жарқын жүздесудің бірінде әскери қызметшілер мен Қазақ титанының арасында қызықты сұхбат болды. Кездесуге келген Алмат Жұманов – халықаралық дәрежеде ойын көрсетіп жүрген спортшы. Ол – ең алдымен геннен берілген табиғи зор күштің иесі. Оның танымалдылығы рекорд жасаған сайын арта түсті. Алматты Қазақстан ғана емес шетелдерде де танып, оның ерекше қасиеті әлемге әйгілі болып келеді.
Қажымұқанның бүгінгі ізбасарымен жүзбе-жүз кездесу әскери қызметшілер үшін ерекше жағдай болды.
Алмат Жұманов: «Ең алдымен сіздерді кешегі өткен кәсіби мерекелеріңіз Ұлттық ұланның құрылған күнімен құттықтаймын! Мен өзім де 2015 жылы Ұлттық ұланның Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөліміне мерзімдік қызметке шақырылып, Отан алдындағы борышымды өткеріп келгенмін. Әскери қызметін өтеу – әр ер-азаматтың міндеті деп білемін. Міндеттеріңді атқаруға адал болыңдар, қажымас қайрат, сарқылмас күш-қуат тілеймін» деп бастады әңгімесін. Бұдан кейін Алмат Бақытұлы рекордтары туралы айтып берді. Бірінші рекордында 109 тонналық вагонды белге белбеу тағып, 8,5 метрге дейін сүйреген, екіншісінде, екі жасар түйені иығына салып, бір уақытта арқанмен үш жеңіл көлікті жүргізушілермен бірге 13 метрге дейін сүйреген. Жалпы салмақ 4800 кг құраған. Үшінші рекордында АН-72 әскери ұшағын 1 метрге сүйреген.
Қазіргі уақытта Алмат спорттағы бағытын өзгертіп, кәсіпқой бокске түбегейлі бет бұрды. Нәтижесі де жаман емес. 2024 жылдың 17 желтоқсанында кәсіпқой бокстың UBC CONTINENTAL нұсқасы бойынша Латын Америкасының чемпиондық белбеуін жеңіп алды.
Кеш соңында 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы атынан Алмат Жұмановқа жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне қосып жатқан үлесі үшін алғыс хат табыстады.