Абай болыңыз, дропперлер: Қылмыстық схемаға қалай түспеу керек

1705
Фотосурет: freepik

Жастардың, тіпті егде жастағы адамдардың қылмыстық схемаларға тартылып, делдал, яғни дроппер болу жағдайлары жиі кездеседі. Кейде бұл олардың өз еркімен жасалса, кейде сенгіштік пен аңғалдықтың салдарынан орын алады.

Fingramota.kz-тің жаңа материалында дроппер болмаудың жолдарын қарастырып, жақындарыңызды қалай қорғауға болатынын талдаймыз.

Дропперлер – ақшаны шоттардан алаяқтық жолмен шығару схемасына қатысатын жалған адамдар. Олардың атына шоттар, карталар немесе электрондық әмияндар ашылып, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражат аударылады. Әдетте, дропперлер аударымдар немесе ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін сыйақы алады, бірақ олар қылмыскерлерге көмектесіп жатқанын түсінбеуі де мүмкін.

Егер кімнің жиі дроппер болатыны туралы айтатын болсақ, онда бұл: мектеп оқушылары мен студенттер, қолайсыз отбасылардан шыққан адамдар, зейнеткерлер, мұқтаж азаматтар және алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен адамдар. Қаскүнемдер азаматтардың бұл санаттары күшін, уақытын жұмсамай, тез ақша табуға мүдделі екенін, бірақ салдары туралы ойланбайтынын пайдаланады.

Еріксіз дроппер

Барлық дроппер алаяқтарға көмектесіп жатқанын білмеуі де мүмкін екенін айта кету қажет. 

Кейде алаяқтар ақшаны бейқам адамның шотына әдейі аударады, содан кейін «қате аударым» туралы хабарлап, ақшаны қайтаруын, бірақ басқа – жалған шотқа аударуын сұрайды. Мұндайда қаскүнемдер айла-шарғының барлық мүмкіндігін пайдаланады.

Олар жалдау ақысы, дәрі-дәрмек, емдеу немесе баланың оқуы сияқты төлемдерге арналған соңғы ақшаны қате жібергендерін айтып, аяушылық тудыруы мүмкін. Олар тіпті заңсыз баю фактісі бойынша сотқа жүгінеміз деп қорқытуы да мүмкін. Бірақ көбіне олар әлеуетті серіктесіне «алаңдатқаны үшін» қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдыруын, ал қалғанын көрсетілген шотқа аударуын сұрайды.

Бұл қауіпті, себебі қылмыстық тергеу кезінде полицияға сіздің қылмыстық схеманың қатысушысы екеніңізді дәлелдеу өте қиын болады.

Маңызды: өзіңізді қылмыстық схемалардан қорғау үшін қаражатты қайтару бойынша барлық операцияны мобильді қосымшада немесе өтінім бойынша тек банк арқылы жүргізіңіз. Содан кейін ғана қаражат үшінші тұлғалардың шоттарына емес, жөнелтушіге қайта түседі.

Мұндай схемаға қатысудағы қауіптілік қандай?

ҚР Бас прокуратурасы мынадай нақты жағдайды мысалға келтірді: азаматша Т. 2024 жылы дропперлерден 20 млн теңгеден астам соманы өндіріп алу бойынша сотты жеңіп шықты. Алаяқтар алдап соққан жәбірленуші төрт қазақстандықтың шоттары мен карталарына ақша аударғаны белгілі болды. Олар қылмыстық схемаға қатысқандарын білмеген, бірақ соған қарамастан белгісіз адамдарға қаражатты аударып жіберген.

«Дропперлер ақша түсу негіздерін анықтау үшін шаралар қабылдамағанын және оларды басқа адамдарға аударғанын ескере отырып, сот бұл әрекеттерді қаражатқа өз қалауы бойынша иелік ету деп танып, алынған негізсіз сыйақыны қайтаруға міндеттеді», – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Айта кетейік, Қазақстанда алаяқтық әрекеттерге көрінеу қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бүгінгі таңда елімізде ақша массасын негізсіз баю деп тану арқылы олар «қолма-қол ақшаға айналдырылған» қаражаттың толық сомасын дропперлерден өндіріп алу фактілері тіркелді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -