Елордамыздың Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерт залында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрылған күніне орай әрі Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған Ән-би ансамблі мен Үлгілі-көрсетілімдік оркестрдің Гала-концерті өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Антына адал – Ұлттық ұлан» деген атаумен ұйымдастырылған концерт ерекше нөмірлерімен және әртістердің туындыларымен көрермендердің есінде қалды.
Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери-патриоттық әндер еліміздегі барлық патриоттық шаралардың өзіндік белгісіне айналған. Әскери тақырыпқа арналған бірде-бір концерт ансамбль ұжымының қатысуынсыз өтпейді.
Мерекелік концертте әскери қызметшілер, олардың отбасылары, ішкі істер органдарының және басқа құрылымдардың ардагерлері кеш қонақтары қатарынан табылды.
- Осы 33 жыл ішінде Ұлттық ұланда ауқымды өзгерістер болды. Қазір құқық тәртібі әскері заманауи техника мен қару-жарақтармен қамтамасыз етілген. Жеке құрамның атқарып жатқан қызметтері күрделі. Біздің сарбаздар күнделікті қалада қоғамдық тәртіпті күзетеді. Көптеген саяси, спорттық шараларда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешов.
Алғашқы сәттен-ақ зал көрермендері тыныштық сақтап, басталатын концертті тағатсыздана күтті. Гала-концерт ұландық оркестр мен ансамбльдің барлық құрамының орындауындағы салтанатты фанфарлармен ашылды. «Жаса қазақ елі» деп аталатын алғашқы нөмір 33 жыл бойы қоғам мен мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етіп келе жатқан ұландықтарға арналды. Солистерге кәсіби түрде ансамбльдің көркемдік жетекшісі, аға лейтенант Алпамыс Асылбектің басшылығындағы музыканттар сүйемелдеу жасады.
Аталған концерт танымал отандық әртістердің, еңбегі сіңген қайраткерлер мен жүлдегерлердің ғана емес, сонымен қатар ҚР Президенттік оркестрдің «Абырой» тобы мен ҰҚҚ оркестрінің солистерінің ұйымдасқан жарқын өнер көрсетуімен де ерекшеленді. Сахна төрінде отандық эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева «Чемпионсың» туындысын, Ансамбль солисті Бауыржан Исаев «Аяулым» композициясын, ал эстрадалық-симфониялық оркестрдің ерлер хоры «Тау ішінде» әнін орындады.
Концерттің патриотизмге, позитивке және қазақ халқының терең мазмұнды тарихына толы болғанын атап өткен жөн. Оған себеп Ұлы Отан соғысының батыры – қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Мәдениет саласының үздігі» Ғайни Жұмашева орындаған «Әлия» әні. Композиция патриотизмге және Әлияның батылдығы мен жанқиярлығына құрмет білдіріп, Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейді. Концерттік бағдарламада лирикалық, әскери, заманауи әндер мен билер ғана емес, оркестрдің орындауындағы қазақ күйлерінің әуені де Отанымыздың мәдениетін паш етті. «Алға жігіттер», «Сүгірдің термесі» шығармалары мен «Арғымақ» биі туған жерімізге деген сүйіспеншілігімен барлық көрерменнің жүрегіне жол тапты. Залда қонақ ретінде ішкі істер органдары мен өзара іс-қимыл жасайтын басқа құрылымдардың ардагерлері құрметіне «Ержүрек қазақ» әні шырқалды.
Рок-өңдеудегі «Ди ART» аспаптық ансамбльдің орындауындағы Эндрю Ллойд Уэббердің әйгілі композициясы күшті гитара рифтерін, динамикалық барабандар мен синтезаторлық эффектілерді қолдана отырып, драма мен шиеленісті көрсетті. Рок-ансамбльдің интерпретациясында танымал музыкалық мотивтер агрессивті және әуезді болып, жаңа заманауи дыбыстағы мистика атмосферасын жасады.
Дәстүр бойынша, Гала-концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашевтің және Ұлттық ұланның Ән және би ансамблі мен Үлгілі-көрсетілімдік оркестрінің бүкіл ұжымы орындаған «Елдің қорғаны» әнімен аяқталды.