Астана Қазақстан-Италия ауқымды бизнес-форумына дайындалуда

1551
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Италия кәсіпкерлері биыл Астанада өтетін бизнес-форумда бас қосады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен қазақ-италия сауда қауымдастығының президенті Марко Береттаның екі жақты кездесуі өтті. Астанадағы бұл кездесу қазақ министрінің 2024 жылы қазан айында Италияда өткен сауда-экономикалық миссиясының жалғасы болып табылады.

Тараптар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты сауда көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Италия, сондай-ақ басқа да елдер арасындағы экспорттық-импорттық жеткізілімдер тізбегін бір жолға қою қажеттілігі айтылды.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 18,2 млрд, АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде Қазақстаннан Италияға экспорт 27,3% -ға өсіп, 17 млрд АҚШ долларын құрады.

Министр Арман Шаққалиев авиатасымалының сенімді логистиканы қамтамасыз етудегі негізгі рөлін атап өтті. Қазақстан өзінің стратегиялық географиялық орналасуының және әуежай инфрақұрылымының серпінді дамуының арқасында жүктерді тиімді жеткізу мүмкіндіктерін ұсына алады. Бүгінде Қазақстанға жүк рейстерін итальяндық «Neos» авиакарго-компаниясы жеткізіп жатыр.

Сондай-ақ кездесуде «Ansaldo» итальяндық өнеркәсіптік компаниясының Қазақстан аумағында электр турбиналары өндірісін орналастыруға мүдделі екендігі айтылды. Бұл жоба Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуда және Италиямен экономикалық серіктестікті тереңдетуде маңызды қадам болуы мүмкін.

Кездесу соңында биылға жоспарланып отырған Қазақстан-Италия бизнес-форумын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Форумға екі елдің 100-ге жуық компаниясы мен 200-ден астам бизнес өкілі қатысады деп күтілуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -