Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Кеңес Одағының Батыры, қазақтың ержүрек мерген қызы Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған ерлік сабағы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шараға Астананың оқушылары, колледждердің және жоғары оқу орындарының студенттері, ардагерлер ұйымдарының, іздестіру топтарының өкілдері, музейдің әскери қызметшілері мен ғылыми қызметкерлері қатысты.
Әскери-тарихи музейдің бастығы майор Дәулет Қадыров 2025 жылғы 25 қазанда Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толатынын еске салды. Осыған байланысты Қазақстанда ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтеді.
Биыл Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында батыр қызымызды еске алып жатырмыз. Ерлік сабағына оқушылар мен студенттерді шақырдық. Жастар қан майданда шайқасып, жеңіске баға жетпес үлес қосқан қазақ жауынгерлерінің рухы қандай мықты болғанын білуі тиіс, Дәулет Қадыров
Іс-шараға қатысушылар Әлияның 1944 жылдың қаңтарында әпкесі Сапура Молдағұловаға жіберілген соңғы хатының аудиожазбасын тыңдауға мүмкіндік алды.
«Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайынов өткенді ұмыту – Отан үшін қаза тапқан адамдарды естен шығарғанмен бірдей екенін алға тартты. Ол батырлардың өшпес ерлігі мәңгі жадымызда қалатынын айтты.
Іс-шара ХХ ғасырдағы әскери тарих залындағы экскурсиямен аяқталды.