Қазақстан мен Қытай ЖЭК жабдықтарын шығару бойынша күш біріктіреді

3663
Фотосурет: kus.kz

Қазақстанда жел генератырлары мен энергия сақтау жүйелерін шығаратын жаңа зауыт бой көтермек, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жоба жасыл энергетика саласындағы жаһандық көшбасшы Envision Energy компаниясымен әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Зауыт жылына 250 жел турбинасы жиынтығы мен 100 энергия сақтау жүйесі жиынтығын өндіруді жоспарлап отыр.

17 қаңтар күні Жетісу облысындағы «Хоргос – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін өндіретін зауыттың құрылысы бастау алып, капсула салу рәсімі өтті.

Жоба «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС мен жаңартылатын энергетика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі, жел генераторлары өндірісі бойынша әлемдегі үздік бестіктің қатарына кіретін Envision Energy компаниясының серіктестігімен жүзеге асырылуда.

Зауытқа салынатын жалпы инвестиция көлемі 40 миллион долларды құрайды және ол Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамытуға елеулі үлес қосады. Кәсіпорында 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнімнің 60%-ы ішкі нарыққа бағытталып, 40%-ы Орталық Азия мен Кавказ елдеріне экспортталатын болады. Алғашқы кезеңде өндірістің қазақстандық үлесі 30% деңгейінде болса, кейін бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 90%-ға дейін жеткізіледі.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп, жаңартылатын энергетиканы белсенді түрде дамытып келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – зауыт құрылысы. Кәсіпорынның іске қосылуы 2026 жылдың III тоқсанына жоспарланған. Әлемдік көшбасшы ENVISION компаниясының тәжірибесіне сүйене отырып, бұл кәсіпорын ұлттық деңгейде парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша мақсаттарға қол жеткізуге үлес қосады.

Жел генераторларын шығаратын зауыттың өндірістік қуаты жылына 2 ГВт энергия өндіруге мүмкіндік беріп, жыл сайын 250 жиынтық шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, энергия жинақтау жүйелерінің өндірісі жылына 1 ГВт·сағ қуатқа ие болады, жылына 100 жиынтық шығару көзделген.

«Әлемдік алпауыт Envision Energy компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды қадам. Біз тек жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін іске қосып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі бірегей технологияларды тартып отырмыз. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді және төмен көміртекті экономикаға көшу процесін жеделдетеді. Бұл еліміздің болашағына қосқан маңызды үлес» «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов

Әлемдік көшбасшымен ынтымақтастық алдыңғы қатарлы білім мен технологияларды беру, сондай-ақ кәсіби оқыту бағдарламаларын енгізу арқылы жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар, компаниялар жергілікті университеттермен бірлесе өнімді Қазақстан нарығына бейімдеу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Envision Energy Қазақстанға жобалаудан және өндіруден бастап, жабдықты пайдалануға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын толық сервистік қызметтерді қоса алғанда, озық техникалық қолдау көрсететін болады. Сапалы сервисті қамтамасыз ету мақсатында, Техникалық қолдау және қызмет көрсету орталығын құру жоспарлануда. Бұл қазақстандық мамандардың кәсіби дамуына берік негіз қалыптастырады.

«Біз осы игі бастама аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-мен серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Саладағы озық технологияларымызға сүйене отырып, Envision Қазақстанға көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға, таза энергияны ілгерілетуге, халықаралық инвестициялар мен технологияларды тартуға қолдау көрсетеді. Бұл бастама Қазақстанның тұрақты энергетикалық болашаққа, экономикалық өсім мен инновацияларға өтуін айтарлықтай жеделдетеді» Envision Energy компаниясының аға вице-президенті Кейн Сюй

Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба осыдан бұрын «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС мен Envision Energy арасында жел генератырлары мен энергияны сақтау жүйелерін шығаратын жергілікті өндірістік кәсіпорын құру туралы қол қойылған келісімнің арқасында жүзеге асырылып отыр.

Envision Energy жасыл энергетика саласындағы озық шешімдерімен танымал. 2024 жылы компания жел турбиналарына тапсырыстар көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп, қатарынан үшінші тоқсан бойы BloombergNEF тарапынан энергия сақтау жүйелерінің бірінші деңгейлі (Tier 1) өндірушісі ретінде танылды, бұл оның осы саладағы жетекші компаниялар қатарындағы орнын нығайтты. Компания Қазақстанға инновацияларды енгізіп, көміртегі шығарындыларын азайтуға және таза энергияны ілгерілетуге қолдау көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -