2012 жылы туған ойыншылардың арасынан Қарағанды облысының құрамасы Қазақстан чемпионатында үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бір жыл бұрын команда турнирлік кестенің соңғы сатысында болғанын ескерсек, бұл нәтиже аса маңызды болып көрінеді.
2012 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты Щучинск қаласында өтті. Оған Қазақстанның түрлі қалаларынан тоғыз команда қатысты. Барлық ойындардың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы қола медальға ие болды.
Қарағандылық Жандос Әубәкіров чемпионаттың үздік ойыншысы деп танылды.
Өңір құрамасында барлығы 12 ойыншы бар. Олардың алтауы Шахтинск, екеуі Абай және төртеуі Қарағанды қаласынан.
– Соңғы бір жылда біз өте жақсы нәтиже көрсете алдық. Бұл жаттықтырушылардың да, жастардың да еңбегі. Мен облыстың аға жаттықтырушысы ретінде өңірдің барлық бапкерлерін біріктіріп, әрбір жас санатына өзінің аға жаттықтырушысы бекітілген жүйе құра алдым. Дәл солар әр ойыншыға жеке көзқарасты айқындайды. Мұндай жүйе жұмысты өнімді етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге жол ашты, – деп есептейді Қарағанды облысының баскетбол бойынша аға жаттықтырушысы Дастан Аяпбек.
Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында 2009 жылы туған жасөспірімдер құрамасы ҚР чемпионатында үшінші орын алса, желтоқсан айында 2010 жылы туған спортшылар осы деңгейдегі жарыстарда алтын медаль жеңіп алды. Бұған дейін қарағандылық жас баскетболшылар мұндай нәтижеге сегіз жыл бойы жете алмаған болатын.