Қазақстан робототехника бойынша жаһандық қауымдастықтың бір бөлігіне айналуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
QazTech технологиялық компаниялар Альянсы Халықаралық робототехника федерациясына (IFR) https://ifr.org/ ресми түрде қосылғанын жариялады. Бұл – робототехника саласындағы ең ірі халықаралық ұйым, ал QazTech Орталық Азиядан оған мүше болған алғашқы өкіл атанып отыр. IFR-дің құрамына роботтандырылған автоматтандыру саласының әлемдік көшбасшылары саналатын әйгілі компаниялар кіреді: Kawasaki, ABB, KUKA, Panasonic, Fraunhofer IPA, Fanuc және басқалар.
QazTech Альянсының IFR-ға қосылуы – Қазақстанның озық технологиялар жаһандық қауымдастығына интеграция жолындағы маңызды қадамы.
IFR-ға мүше болу QazTech-ке халықаралық тәжірибеге және инновацияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, әлемдік жетекші компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтеді және робототехниканы экономикамыздың негізгі салаларының бірі ретінде белсенді дамытуға жол ашады.
QazTech Альянсының Робототехника комитетінің басшысы Акылбек Илиуфтың пікірі:
«IFR-ге қосылу біз үшін кең перспективалар ашады. Бұл біздің әлеуетімізді мойындау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығару мүмкіндігі. Біз еліміздің кәсіпорындарында робототехниканы енгізуді белсенді түрде ілгерілетуді, кадрларды даярлауға жағдай жасауды және мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсынуды көздеп отырмыз. Біздің келесі қадамдарымыздың бірі ел кәсіпорындарына робототехниканың артықшылықтарын іс жүзінде бағалауға көмектесетін Астанада демо-залдың ашылуы болады»
Сонымен қатар, Альянстың комитеті Қазақстан кәсіпорындарындағы роботтандыру деңгейін бақылауды және осы деректерді IFR-дың жаһандық статистикасына интеграциялауды жоспарлап отыр.