Валютаны сату және алтынды сатып алу: Ұлттық Банктің жаңа экономикалық тетіктері

2024
Фотосурет: Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Freepik

Ұлттық Банкке аффинаждалған алтынды міндетті сату туралы 2011 жылы енгізілген норма Қазақстанның алтын-валюта резервтерін толықтыруда және алтын өндіру саласын дамытуда маңызды қадам бола отырып, едәуір оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бағдарламаның бастапқы мақсаты қазіргі кезде орындалды. Мәселен, алтын-валюта резервтерінің мөлшері 2024 жылдың соңына қарай тарихи ең жоғары көрсеткіш – 45,8 млрд долларға жетті. Елде аффинаждалған алтын құймаларын өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұл жаңа компанияларға халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік берді. Мысалы, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының құйма сапасына тән халықаралық стандарт бойынша аккредиттеуден өтті.

Сонымен қатар алтын бағасы мен оны өндіру көлемі едәуір өсуіне байланысты теңге эмиссиясының ауқымы біршама ұлғайды, соның салдары ретінде инфляцияға теріс әсер өсті.

Ұлттық Банк инфляцияны 5%-дық нысаналы деңгейге төмендету мақсатында отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан бұрын сатып алынған алтынды сату арқылы түскен АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сатуға шешім қабылдады. Сатылатын валюта сомасы Ұлттық Банк алтын сатып алу үшін жүргізген теңге эмиссиясының көлеміне баламалы болады.

Тепе-теңдіктің жаңа тетігін енгізу макроэкономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, ақша-кредит саясатын қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімдеуге мүмкіндік береді.

Шетел валютасын сату нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы эмиссияның бір тоқсандық көлемiнiң баламасы келесi тоқсан iшiнде iшкi валюта нарығында бiркелкi сатылады.

Болжамды деректер бойынша, басым құқық шеңберінде 2025 жылы сатып алынатын алтынның жоспарлы көлемі 70 тонна немесе алтынның қазіргі уақыттағы бағасы кезінде 6 млрд АҚШ доллары болады деп бағаланып отыр.

2024 жылдың төртінші тоқсанында аффинаждалған алтынды тепе-тең сатып алу үшін Ұлттық Банк 2025 жылғы бірінші тоқсан ішінде шетел валютасын шамамен 750 млрд теңгеге сатады. Тепе-теңдік операциялары алтын-валюта резервтерінің көлеміне әсер етпейтінін атап өткен жөн, себебі алтын сатып алу биржада валютаны сатумен өтеледі.

Ұлттық Банк транспаренттілік пен ақпарат ашықтығы қағидатын ұстануды жалғастырады. Сатылған валюталардың көлемі ресми сайтта ай сайын жарияланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -