Қазақстанда өнеркәсіп алпауыттары экологиялық бастамаларға қосылуда

2222
Фотосурет: UKIMET

Үкіметте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz. 2024 жылы акцияға 6,2 млн адам қатысты – 1,1 млн тонна қалдық жиналып, 1,6 млнға жуық ағаш отырғызылды.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы мәселе қаралды. Салалық министрліктер басшылары баяндама жасады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев полигондарды жою және жасыл желектер санын көбейту жоспарының орындалу барысы туралы, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының акцияға қатысуы туралы, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бірқатар өңір әкімдері тыңдалды. 

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2024 жылы қатысушылардың жалпы саны 6,2 млн адамды құраған, 1,1 млн тонна қалдық жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға арналған жоспар бойынша 494 мың гектар алқапқа 336,5 млн көшет отырғызылғанын баяндады. Сонымен қатар 2021–2024 жылдары 1,1 млрд астам ағаш егілген. 

Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау жоспарларын іске асыруға қатысу мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент Жолдауында табиғатты қорғау ісіндегі бизнестің жоғары жауапкершілігінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы ERG компаниялар тобы шамамен 1,8 млн жасыл желек отырғызуды жоспарлаған. 2024 жылы Solidcore Resources Қостанай облысында аумақты 1,5 мың гектарға дейін ұлғайту перспективасымен 500 гектар алқапқа орман отырғызу бойынша пилоттық жобаға бастамашылық жасады. 

Премьер-министр «Таза Қазақстан» акциясының азаматтардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдау және табиғатты қорғаудың жаңа идеологиясын қалыптастыру мәселесіндегі маңыздылығын атап өтті. Акция экологиялық ахуалды жақсарту бағытында кешенді іс-шаралар көзделген 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болғаны атап өтілді. 

«Президенттің барлық бастамалары, оның ішінде экология мен қоршаған ортаны жақсарту, заңдылық пен тәртіпті сақтау қағидаты әр адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және сол арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдауға бағытталып отыр. Олар уақытша науқанға емес, табиғатты аялауға, айналаңа, тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға үндейтін қоғамдық жаңа идеология ретінде орнығуы тиіс. Экологиялық мәдениет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Барлық мемлекеттік орган мен бизнес және бүкіл қоғам болып осы жұмыстарға белсенді атсалысуымыз қажет. «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру қызметіміздің барлық саласын қамтуға тиіс» Олжас Бектенов 

Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы Париж келісіміндегі міндеттемелерге сәйкес, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту үшін тиімді шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қоршаған ортаға эмиссияларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді жедел аяқтау тапсырылды.

Премьер-министр қоршаған ортаға, әсіресе кәсіпорындар айналасында ауаға таралған зиянды газдарды азайтатын карбонды полигондар құру арқылы экожүйе қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды. Мұндай жобаларды іске асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне заңнамалық түзетулер әзірлеу жөніндегі тапсырма берілді. 

Әкімдіктерге тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа полигондар мен зауыттар ашып, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу міндеті қойылды. Сонымен қатар Жергілікті атқарушы органдар өз өңірлерінде орман тәлімбағын құрып, ағаш көшеттерінің жерсініп кетуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін еліміздің аумақтарын ғарыштық бақылаумен қамтуды және мерзімді тексеруді ұлғайту тапсырылды.

Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері қоршаған ортаны сақтау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру саласындағы тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын күшейтсін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -