Полициясыз шағын апаттар: Европротоколдың тиімділігі дәлелденді

1837
Фотосурет: @fxquadro / freepik

Аздаған жол-көлік оқиғасы көп уақыт пен күш жұмсауды қажет етпеуі керек, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шығынды өтеу процесін жеңілдетіп, жол қозғалысының барлық қатысушысының уақытын үнемдеу үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап Еурохаттама қолданыла бастады.

Fingramota.kz оны қалай қолдану және қандай жұмыс нәтижелері бар екенін толығырақ айтып береді.

Фотосурет: Fingramota.kz

Артықшылығы қандай?

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жолдардағы ұсақ апаттарға қатысқан автокөлік иелері сақтандыру жағдайларын реттеудің жеңілдетілген тәртібін – жол полициясын тартпай, сақтандыру төлемдерін қашықтан және жедел алуға мүмкіндік беретін Еурохаттаманы пайдалана алады.  Ол үшін тараптар кінәлі кім, ал ЖКО салдарынан зардап шеккендер кім екендігімен келісіп, белгіленген 100 АЕК лимит шегіндегі шығын сомасымен келісуге тиіс. Ең бастысы, апат кезінде адамдар мен үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпеуі керек. Тағы бір міндетті шарт – ЖКО-ға қатысушыларда қолданыстағы міндетті автосақтандыру полистері болуға тиіс.

Еурохаттаманың ыңғайлылығы мынада: автокөлік иелері сақтандыру төлемдерін сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ қысқа мерзімде қашықтан ала алады.

2024 жылдың басынан бастап 15 276 жағдай анықталып, олар бойынша  2,3 млрд теңге төленді. Бұл ретте орташа төлем 190 840 теңгені, ал орташа төлем мерзімі 17,2 күнді құрады.

Кім және қалай өтінім беру керек?

Ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушының екеуі де ұялы телефондарына «Еурохаттама» қосымшасын немесе сақтандыру ұйымының қосымшасын жүктеп алуы немесе сақтандыру ұйымының сайтына жазуы тиіс. Тіркеу рәсімінен өтіп, оқиғаның фотоматериалдарын салу қажет.

Маңызды: сақтандырушылар соқтығысу фактісі мен шығын мөлшерін растайтын қосымша материалдарды сұрамауы үшін сапалы түсірілген фото жіберілуі керек.

Фотосуретті сәтті жүктеп, декларацияны толтырғаннан кейін бұл құжаттар сақтандыру компаниясына жіберіледі. Зардап шегушілерге сақтандыру жағдайының тіркелгені туралы SMS-хабарлама келуі тиіс. Егер SMS келіп түссе, бұл сақтандыру ұйымының өтемақы алуға өтініш қабылданғанын білдіреді. Осыдан кейін ғана автокөлік иелері ЖКО орнынан кете алады.

Өтінім беру мүмкін болмаған жағдайда не істеу қажет?

Егер қосымшаны орнату немесе пайдалану кезінде қиындықтар туындаса, қазақстандықтар өздерінің сақтандыру ұйымымен кеңесе алады немесе «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың байланыс орталығына
+7 (727) 339 31 88, немесе 2570 нөмірі бойынша қоңырау соға алады.

Сақтандыру төлемдері жөнінде ақпарат қайда сақталады?

Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап төлем жасауға дейінгі барлық сатылары клиенттің жеке кабинетінде сақталады және Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (бұдан әрі – БСДҚ) тіркеледі. Әрбір кезеңді электрондық тіркеу сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерінің тиісінше қорғалуын қамтамасыз етеді.

Сақтандыру ұйымдарының және БСДҚ-ның ақпараттық жүйелері үшін ақпараттық және дербес деректерді қорғаудың ең жоғары деңгейіне қойылатын талаптардың, сондай-ақ киберқауіпсіздік талаптарының болуы белгіленген.

Осы цифрлық өнім жөнінде тағы нені білу қажет?

«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Еурохаттама бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылғаннан кейін пайда алушы (зардап шегуші) сақтандырушыға сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі кезінде өтеудің шекті мөлшерінен асатын зиянды өтеу туралы қосымша талаптар қоюға құқылы емес.

100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде сақтандыру төлемін жүзеге асырғаннан кейін сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесі тиісінше орындалған болып есептеледі.

Фотосурет: Fingramota.kz

Сақтандыру ұйымымен даулар туындаған жағдайда зардап шегуші сақтандырудың барлық түрі бойынша азаматтар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарайтын сақтандыру омбудсманына жүгіне алады. Сақтандыру омбудсманы сақтандыру ұйымдарының клиенттеріне өтеусіз негізде қызмет көрсетеді. Омбудсманның шешімі сақтандыру ұйымдары үшін міндетті болып табылады. Мұндай шешімді орындамау уәкілетті органның сақтандыру ұйымдары мен олардың басшыларына қатысты қадағалап ден қою шараларын қолдануына негіз болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -