Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс орындарындағы кездесулерін жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл жолы ол басқармалар мен ведомстволардың басшыларымен бірге «Қазақстан» шахтасына келді.
Ашық диалогқа кәсіподақ өкілдері, Qarmet компаниясының басшылығы қатысты.
– Өздеріңіз білетіндей, жыл бойы тұрғындармен кездесулер өткіземін, бірақ қатысушылар арасында кәсіпорындардың қызметкерлері аз екенін байқадым. Біз еңбек ұжымдарына келіп, мәселелерді ашық диалог барысында талқылау керек деп шештік, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Мен сіздердің мамандықтарыңызда тәуекелдер бар екенін түсінемін және біздің міндетіміз, басшылықтарыңыздың міндеті – оларды барынша азайту. Сондықтан біз әлеуметтік қорғау, қауіпсіздік және еңбек жағдайын жақсарту шараларын дамытуды жалғастырамыз.
Атқарылған жұмыс туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Медеу Ахметов есеп берді. Жұмысшы мамандықтарын қолдау және дамыту шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар баяндады.
«Қазақстан» шахтасында көбінесе Шахтинск өңірінің тұрғындары жұмыс істейді, сондықтан әңгіме негізінен осы аймақты дамыту туралы қозғалды.
Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинскіні жылумен жабдықтауды жақсарту үшін не жасалып жатқанын айтты. Өткен жылы ЖЭО-ын жөндеуге арналған қаржыландыру бірнеше есеге арттырылды. Бүгінде станция тұрақты жұмыс істеп тұр. Үйлердің жылы болуы үшін 4 шақырым жылу желілерін ауыстырып, жылу оқшаулағыштар қалпына келтіріле бастады. Бұдан басқа, Шахтинск қаласын газдандыруға дайындық жүріп жатыр. Су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Көлік инфрақұрылымы да жақсартылып келеді: соңғы екі жылда қала мен іргелес ауылдардың 30 км жолы жөнделді.
Кездесуге қатысушылар тұрғын үй мәселесін көтерді. Облыс әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп іске қосқан жеңілдікті ипотека бағдарламасы бойынша 116 шахтер мен 113 металлургтер Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларынан пәтер сатып алды. Облыстық бюджеттен бұл бағдарламаға 2 млрд теңге бөлінді.
Ермағанбет Бөлекпаев компания басшылығын осы бағдарламаға қаржылай қатысуға шақырды.
«Отбасы банкі» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып берді. Ол 2025 жылдың 17 наурызында басталады. Артықшылықтары: бастапқы жарна – 10% -дан (әрленген бастапқы нарықтағы тұрғын үй), 20%-дан (жартылай әрленген және қайталама нарықтағы тұрғын үй); мөлшерлеме - әлеуметтік осал санаттар үшін 7%, қалғандары үшін 9%.
Кездесуде сондай-ақ Шахтинскідегі абаттандыру, қоқыс жинау, жарықтандыру, балалар алаңдарын абаттандыруға қатысты сұрақтар қойылды. Оларға қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков бірден жауап берді. Таңертең Шахтинскіден Қарағандыға дейін автобустардың жетіспеушілігіне шағымдар айтылды. Ермағанбет Бөлекпаев шешуді қажет ететін мәселелер бойынша тапсырмалар берді.
Шахтерлер Шахтинск ауруханасында медициналық қызмет көрсету мәселесін көтерді. Сондықтан, кездесуден кейін облыс әкімі сол жерге барып, медицина нысанын көріп қайтты.
Кеңес заманында салынған ғимарат бірнеше жылдан бері жаңартуды қажет етіп келеді. Өткен жылы емхананы күрделі жөндеу басталды.
Қазір 4 және 5-ші қабаттар дайын, 3-ші жартылай дайын. Оны биыл аяқтау көзделіп отыр.
Аурухана директоры Талғат Жүкен жабдықтардың жаңартылуы туралы айтып берді.
Реанимация, операциялық бөлме, сондай-ақ жүрек ауруларын диагностикалау үшін жаңа техника алынған.
Ермағанбет Бөлекпаев медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесін шешуді тапсырды.