Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты

9988
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3650 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отан үшін отқа түсер азаматтарымыз­дың өміріндегі жауапты қадам жасау шарасына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский және бөлімнің әскери қызметшілері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

Жетісу облысынан шақырылған 40-қа жуық жауынгер Қазақстан халқына адал болуға, оның заңдары мен ұлттық құндылықтарын қастерлеп сақтауға ант берді.

Сарбаздар сап түзеген алаңға жауынгерлік ту кіргізіліп, мемлекеттік Гимн шырқалды, еліміздің көк байрағы көтерілді.

Салтанатты шарада сөз алған полковник Игорь Поповский:

«Жас сарбаздар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыңдар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда отанды қорғаудың, соның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері жасалған. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғы белгіленген талаптарды орындау-парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу»

Жетісу облысынан әскерге шақырылып, тап осы күні ант қабылдаған қатардағы Ақылбек Дәрібайдың көңілі асқақ, жүзі жарқын. Оның салтанантты жиындағы осындай келбетін көру үшін анасы мен жақындары келіпті.

- Ұлымның Отан алдындағы әскери ант қабылдау шарасын өз көзімізбен көріп, неге қуанбасқа. Қарап тұрсам, баламның жағдайы жақсы екен. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай. Біз үшін тек оның амандық-саулығы, Отан алдында атқарған қызметі зор маңызға ие. Сондықтан да оның әскери ант қабылдау шарасын көріп, көңіл марқайту үшін арнайы келіп отырмын, – деді жас сарбаздың анасы Дәмелі Сабырханқызы.

Салтанатты жиында әскери музыканың әуенімен қатар-қатар сап түзеп, бір ай бойы үйренген сан алуан әскери қимылдарын көрсеткен сарбаздардың ептілігі мен шеберлігіне жиналған қауым үлкен қошемет білдіріп, ризашылықпен тамашалады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -