Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді. Мемлекет басшысы сонымен қатар, ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды екеніне тоқталды.
«Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек» Қасым-Жомарт Тоқаев
Осы ретте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушы-ғалымдары Президент көтерген ғылым және жоғары білім саласындағы реформаларды жүзеге асыруға қатысты ЖОО қабылдап жатқан шаралар, ғылым мен жоғары білімнің дамуындағы стратегиялық бағыттар, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсекені қамтамасыз етуге арналған ғылыми зерттеулер мен бәсекелестік заманында мұғалімдер мен мамандарды даярлау туралы пікірлерін ортаға салды.
Ертай Сұлтан, Абай атындағы ҚазҰПУ Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры, PhD:
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқынын және сапасын сақтау қажеттігін айтты. Расында, қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманауи технологиялардан педагогикалық білім ұпайын жоғалтпауы маңызды. Өйткені, бұл келешекте педагогтардың альфа ұрпақпен қарым-қатынасқа түсуінің, оларға білім беру барысында назарларын ұстап тұрудың бірден-бір «ортақ тілі» екенін болжауға болады. Бүгінде, университеттің барлық ғылыми-зерттеу зертханалары бір орталыққа жұмылдырылып, Абай Лабс ғылыми-зерттеу технопаркі қалыптастырылды.
Бұл технопарктің басты мақсаты – VR (виртуалды шынайылық), AR (қосалқы шынайылық), жасанды интеллект, дрон секілді қазіргі озық технологияларды болашақ педагогтердің білім беру әдістемесіне сәтті интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыру, зерттеу, жүзеге асыру.
2024 жылы біздің Абай университетінің ғалымдары мен оқытушыларының Scopus және Web of Science халықаралық базаларында ғылыми мақала жарияланымдарының саны 40% өсті. Сондай-ақ, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері ұсынылған «Abai Library» заманауи кітапханасы ашылып, ғалымдарымыз бен білім алушыларымыз үшін үлкен мүмкіндіктер ашылды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-де Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылды. Лотарингия университеті Францияның 13 қаласында 49 оқу ғимараттары бар жетекші француз университеттерінің бірі. Алдағы уақытта білім, ғылым және адам құқықтары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, құқық саласындағы француз-қазақстандық қос диплом бағдарламасын іске асыру, кәсіптік даярлау, жұмысқа орналастыру және француз тілін үйрену саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша ортақ жобалар ары қарайда жанданатын болады деп күтілуде.
Гүлзада Айтжанқызы Байымбетова, Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылым департаментінің басқарма басшысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты:
Президент қаржыны тек сапалы және сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер мен ғалымдарға бөлу қажеттігін айтты. Ғылымға қаржы бөлу мәселесі әр елдің даму деңгейіне, экономикалық жағдайына, стратегиялық басымдықтарына және әлеуметтік қажеттіліктеріне байланысты. Осы бағытта ерте жастағы білім беру балалардың когнитивтік және әлеуметтік дағдыларын дамытуда мектепке дейінгі білім беру, оқушылардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін білім беру мүмкіндіктерінің шектеулігі инклюзивті білім беру әдістемелерін дамыту сияқты педагогиканың аталған бағыттарына инвестиция салу білім беру сапасын арттырып, болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Әсіресе, ауылдық аймақтар, инклюзивті білім және цифрлық педагогика басты назарда болуы қажет деп есептеймін.
Президент мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсекені қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті. Осы ретте Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті КЕАҚ 2023–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы Орталық Азиядағы педагогикалық білім беруде көшбасшы болу және педагогикалық зерттеу университетіне трансформациялау арқылы жаңа ұрпақ педагогтарын даярлау үшін инновациялық платформа құруды көздеп отыр. Осы бағытта Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепиясын тиімді енгізу, болашақ педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру, білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация жағдайында болашақ педагогтердің инновациялық әрекетін дамыту сияқты нәтижесі орта білім беру жүйесінде әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін өзекті тақырыптарға ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Азия Елеупанқызы Жұмабаева, Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология факультетінің Бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Бастауыш білім беру кафедрасында болашақ педагогтың бәсекеге қабілетті болуы және оларды кәсіби даярлау мазмұнының сапасын жақсарту бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Диплом, магистрлік және докторлық диссертация тақырыптары өзекті мәселелерге арналып, оларды қоғамның жаһандану мен инновациялық ұтқырлық, ақпараттық пен технократтық, цифрлық өзгерістеріне сәйкес жүзеге асыру көзделген.
Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламалары бойынша «Цифрлық технологиялар арқылы бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін арттыру», «Цифрлық оқу контенттері негізінде бастауыш сынып оқушыларының коммуникативтік дағдыларын дамыту (шет тілін оқыту барысында)», «Цифрлық технология негізінде бастауыш сынып оқушыларының икемді дағдыларын (soft skills) дамыту», «Жасанды интеллект элементтері арқылы бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын бағалау», «Жасанды интеллектіні қолдану арқылы бастауыш сынып оқушыларының медиа сауаттылығын қалыптастыру», «Бастауыш сынып оқушыларының денсаулық сақтау технологиясы негізінде қауіпсіз өмір салты мәдениетін қалыптастыру» және т.б. зерттеу тақырыптары таңдалып алынып, көптілділік, цифрлық технологияларды қолдану, Soft skills, жасанды интеллект және т.б. бағыттар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде, нәтижелері жоғары оқу орны мен орта мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірілуде.
Бастауыш білім беру кафедрасы профессор-оқытушы құрамының қатысуымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің іргелі жобалары әр түрлі тақырыпта орындалды. Болашақ бастауыш білім көптілділікпен педагогтерін даярлауды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген. Зерттеу жұмысы бойынша келесі ғылыми нәтижелер алынды:
2018 жылғы зерттеу бойынша болашақ бастауыш білім педагогтерін даярлау үдерісінің қазіргі жайы мәдениетаралық қарым-қатынасқа дайындығы, қазақстандық және шетелдік ғалымдардың көптілді ортаның болашақ бастауыш білім педагогтерін кәсіби даярлауға ықпалы жан-жақты талданды; тілдік қажеттілікті кешенді зерттеу жүргізілді; педагогтерді даярлаудың оқу ортасы, білім беру технологиялары, әдістері, ұйымдастыру формалары құрымдалды; кәсіби даярлауды жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалды.
2019 жылы болашақ бастауыш білім педагогтерінің моделі жасалды және жүзеге асырылды; пәндердің элективті каталогы, модульді білім беру бағдарламалары, оқу бағдарламалары, көптілді оқыту бойынша пәндердің оқу-әдістемелік кешені жасалды; аталмыш мамандық бойынша көптілді топтар ашылды; шетелдік басылымдарда үш тілдің белсенді қызметі жағдайында жұмыс істеуге студенттерді даярлаудың ғылыми-әдіснамалық негіздерінің нәтижелері жарияланды.
2020 жылы ҚР болашақ бастауыш білім педагогтерін көптілділік жағдайында кәсіби даярлауда жаңғыртуды жүзеге асыру бойынша әдістемелік нұсқаулықтар апробациядан өтті. Бастауыш білім педагогтерін көптілділікпен даярлау үшін ғылыми-әдістемелік және технологиялық база құрылды. Қазақстандық және шетелдік патент орталықтарынан қорғау құжаттары алынды; оқу материалдары жарияланды.
Ендіру деңгейі: көптілді топтар үшін білім беру бағдарламалары апробациядан өтті және ендірілді, жоба проблемасы бойынша магистрлік диссертациялар қорғалды және докторлық диссертациялар (PhD) қорғауға даярланды; авторлық және депонирования туралы куәлік алынды; оқу құралы және монография, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, хрестоматия, дәптер-тренажерлар, терминологиялық, фразеологиялық, педагогикалық, пәндік, әдістемелік сөздіктер мазмұны апробациядан өтті.
«Бастауыш білім көптілділікпен» білім беру бағдарламасына түсетін білімалушылардың саны артып келеді. Аталған бағдарламасы бойынша 2024/2025 оқу жылында 12 түлек бітіреді. Қазір 1-4 курстарда 66 білім алушы оқиды.
«6В01304 – Бастауыш білім көптілділікпен» білім беру бағдарламасын қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік кешен құрастырылып, көптілді топтың оқу үдерісінде ендіріліп қолданылуда.
Бакалавриатта «Көптілділік жағдайында бастауыш сынып пәндерін оқытудың теориясы мен әдістемесі», магистратурада «Көптілділік: теория және практика» атты оқу құралдары оқу процесінде оқытылуда.
Бастауыш білім көптілділікпен» білім беру бағдарламасының тәжірибесімен республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бөлісу жүзеге асырылуда. Соның айғағы 2023 жылдың 4 мамырында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ) өкілдерімен өткен іс-шара.
Кафедрада ҚР ЖБҒМ қаржыландыратын 4 жоба жүргізілуде:
2022-2024 жылдар аралығында жүргізілген ЖТН AP14872058 «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы болашақ бастауыш білім педагогтерін ұлттық құндылыққа баулу» атты іргелі жоба бойынша:
- Мобильді білім беру ортасын құру арқылы білім алушыларды ұлттық құндылыққа баулуға бағытталған «Білім берудегі мобильді технология», «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы білім алушыларды ұлттық құндылыққа баулу әдістемесі» элективті пәндері әзірленіп, оқу үдерісіне енгізілді. Таңдау пәні 1 семестрде (5 ECTS) оқытылды.
- Ұлттық құндылықтарға бағытталған мобильді орта құрылды: «Moбильді жастар» клубы ашылды.
- Мобильдік қосымша, платформа, гаджеттер арқылы инновациялық технологияларды жүзеге асырылды.
- Зерттеу аясында дайындалған өнімдер бастауышта білім беру тәжірибесінде қолданылуда.
Жобаны жүзеге асыру болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ұлттық өзіндік санасын нығайтуға, мәдени дәстүрлерді сақтауына көмектеседі. Қоғамды топтастыруға, ұлттың тарихи жадын сақтауға септігін тигізеді.
Жобаны жүзеге асырудың экономикалық тиімділігі ұлттық құндылықтар бағытында жұмыс істейтін білім беру мекемелері (мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының, жоғары оқу орындарынан кейінгі білім алушылар) жобаның нәтижесінде дайындалған өнімдер – «Ulttyq kazyna» мобильді қосымшасын, аудио, видео материалдарды және электронды-әдістемелік лабораторияны тегін қолдана алады. Жоба өнімінің жоғары экономикалық нәтижесі жобаны одан әрі дамуын ынталандырады, нарықтағы бәсекелестік жағдайын нығайтады.
ЖТН AP19680117 «Бастауыш сынып оқушыларының интеллектісін дамытуға бағытталған нейродидактикалық контент әзірлеу» жобасы бойынша білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік материалдар әзірленді, сондай-ақ зерттеу тобымен бірлесіп бастауыш сынып мұғалімдерінің зияткерлік мүмкіндіктерін дамыту, 1-4 сыныптарға арналған дидактикалық материалдарды әзірлеу үшін «Нейро-жаттығулар» элективті курсының бағдарламасы құрылды. Авторлық куәліктер алынды. Сондай-ақ, «Бастауыш сынып оқушыларының интелектісін нейродидактикалық тәсілдер арқылы дамыту» атты оқу-әдістемелік құралы жарық көрді, оған авторлық куәлік алынды.