Тимур Турловтың Freedom Holding Corp. компаниясы Қаржылық мониторинг агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тимур Турлов пен ҚМА төрағасы Жанат Элимановтың кездесуінде талқыланған құжат қаржылық мониторингтің цифрлық құралдарын жетілдіру, аналитика мен тәуекелге бағдарланған тәсілдерді дамыту, заманауи RegTech-шешімдерді енгізу, сондай-ақ осы сала мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған білім беру және сараптамалық бастамаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
ҚМА-ның Telegram-арнасы хабарлағандай, кездесуде, бұдан бөлек, алаяқтыққа, дропперлікке, қаржы пирамидаларына және есірткінің заңсыз айналымына байланысты операцияларды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысқан Freedom Bank өкілдері — холдингтің Қазақстандағы банк бизнесінің өкілдері — компания заңсыз операциялар тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретін, соның ішінде AI негізіндегі өз шешімдерін белсенді дамытып жатқанын айтты. Бұл шешімдер күмәнді операциялар жасалған сәтте ғана емес, пайдаланушыларды тіркеу кезеңінің өзінде де ықтимал «күдікті маркерлерді» анықтауға көмектеседі.
Айта кетерлігі, Қазақстанның қаржы секторы өкілдері мен Қаржылық мониторинг агенттігі арасындағы мұндай кездесулер тұрақты түрде өтіп тұрады.
Маусым айының басында ҚМА қазақстандықтардың банк операцияларына бақылауды күшейтетін қаулы жобасын жариялаған болатын. Жаңа шаралар алаяқтарға, дропперлерге, интернет-казиноларға және заңсыз ақша аударымдарына қарсы бағытталған. Банктерге жаңа талаптарға бейімделу үшін ішкі жүйелерін қайта баптауға небәрі бірнеше апта берілді. Ерекше бақылауға банк карталары көп қазақстандықтар ілінеді, ал криптовалютаға қатысты операцияларға да елеулі шектеулер енгізіледі.

Осы жылдың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру сияқты заңсыз қаржылық операцияларға мемлекеттік бақылауды кеңейтетін жарлыққа қол қойып, ҚМА-ның өкілеттігін ұлғайтты. Агенттіктің жаңа функциялары қатарында көлеңкелі экономикамен күрес, қаржы қылмыстары саласындағы тәуекелдерді бағалауды үйлестіру және қаржылық мониторинг субъектілерінің заңнама талаптарын сақтауын бақылау бар. Сол кезде агенттік клиенттер мен бенефициарларды тексеру тәртібін айқындау, терроризмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімінен шығару жөніндегі шешімдерге қатысу және күмәнді белсенділік туралы деректерді беру қағидаларын белгілеу құқығына ие болды.
Бұл процеске тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, елдің банк және қаржы секторының қатысушылары да тартылған. Мәселен, Ұлттық банктің антифрод-орталығы жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде осы бағыт бойынша ғана 3 млрд теңгеге операциялар бұғатталған.
Ал ҚМА деректері бойынша, өткен жылы жалпы 1135 қылмыстық істің тергеуі аяқталып, жәбірленушілерге 141,5 млрд теңге өтелген, 15 қылмыстық топ пен ақша қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан, айналымы 128 млрд теңгеден асатын 29 алаң жойылған. 22 көлеңкелі криптоайырбастау пунктінің қызметі тоқтатылып, криптовалюта айырбастау бойынша 1,1 мыңнан астам заңсыз онлайн-сервис және есірткіден түскен кірістерді заңдастыруға қатысқан 20 мың дроп-карта бұғатталған. Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары қылмыстық кірістерді жылыстатуға күдік бойынша заңды тұлғалардың 2 мыңнан астам және жеке тұлғалардың 56 мың шотын жапқан.
Экожүйесінде банк, брокерлік және сақтандыру бизнесі бар Тимур Турловтың халықаралық финтех-компаниясы Freedom Holding Corp. заңсыз қаржылық операцияларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын жүйелі түрде нығайтып келеді. Freedom Holding Corp. KPMG және Deloitte тарапынан комплаенс-процестердің жыл сайынғы ерікті және міндетті аудиттерінен өтеді. Комплаенс жөніндегі бас директор Дмитрий Довженко топтың әлемнің 20-дан астам елінде екі жүзге жуық комплаенс-офицері жұмыс істейтінін атап өткен. Олардың міндеттеріне клиенттерді, транзакциялар мен контрагенттерді тексеру, санкциялық режимдерді сақтау, қаражат көздері мен трансшекаралық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қадағалау, жергілікті және жаһандық реттеушілермен өзара іс-қимыл кіреді.

Довженконың айтуынша, реттеушілік контур мен комплаенс-тәуекелдерді басқару жүйесі бүгінде «өсуге берілетін лицензияның» бір бөлігіне айналды. Жүйе неғұрлым ашық әрі дәлелді болса, масштабталу және капитал тарту соғұрлым жеңілдейді.
«Трансшекаралық реттеудің рөлі артты, менеджменттің жауапкершілігі мен ішкі бақылау сапасына назар күшейді. Сонымен қатар цифрландыру бақылаудың өз сипатын өзгертті: деректерге, кибертұрақтылыққа, ақпаратты қорғауға және операциялардың қадағалануына қойылатын талаптар жалпы реттеушілік контурдың бір бөлігіне айналды. Ол анағұрлым серпінді, технологиялық және кешенді бола түсті. Клиенттерге ұсынылатын өнімдер күрделене түсті. Өзгерістер жылдамырақ жүріп жатыр, талаптар нақтырақ бола бастады, ал реттеушілер барған сайын нормаларды формалды түрде сақтауды ғана емес, тәуекелдерді басқарудың дәлелденетін әрі нақты жұмыс істейтін жүйесін күтеді», – деді Дмитрий Довженко.
Жалпы, жеке сектор мен мемлекеттік құрылымдардың, соның ішінде банктердің өзара іс-қимылы — қаржы қылмыстарымен күрестегі әлемдік қалыпты тәжірибе. Еуропалық одақта банктер мен финтех-компаниялардан түсетін деректер негізінде трансшекаралық экономикалық қылмыстарды тергеуді үйлестіретін бірыңғай орталық жұмыс істейді. АҚШ-та қаржылық барлау мен банк секторының өзара іс-қимыл алаңы ретінде FinCEN Exchange қызмет етеді. Ол қаржылық алаяқтықтың алдын алу үшін деректермен қауіпсіз алмасуға мүмкіндік береді. Ұлыбританияда банктерді, реттеушілерді және полицияны біріктіретін JMLIT мақсатты тобы жұмыс істейді. Бұл топ деректерді жедел талдауға, күрделі қылмыстық схемаларды ашуға және заңсыз активтерді бұғаттауға бағытталған.
Nasdaq-тың соңғы жаһандық есебіне сәйкес, 2023 жылдан бері әлемдегі түрлі қаржы қылмыстарының көлемі 1,1 трлн доллардан 4,4 трлн долларға дейін өскен. Есепте қылмыскерлер өз схемаларында жасанды интеллектіні белсенді қолдана бастағанымен, дәл технологиялық шешімдердің, мемлекет пен жеке бизнестің ынтымақтастығының синергиясы жақын болашақта «қылмыскерлерді қаржы жүйесінен біржола шығарып тастауға» мүмкіндік беретіні атап өтіледі.