Акция Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ардагерлерді құрметтеуге, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың батырлығын насихаттауға, батылдық пен жанқиярлықтың құндылығын, сондай-ақ Отанды қорғау борышының қасиеттілігін және ұрпақтардың тарихи сабақтастығын терең түсінуге бағытталған.
Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бұл игі бастаманы 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бөлімнің әскери оркестрі саябақтағы Даңқ мемориалы алдында соғыс жылдарындағы әндер мен музыкаларды орындады.
100 күн бойы өтетін маңызды шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қолдау және қайырымдылық көмек көрсету акциялары, әскери қызметшілер мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қатысуымен білім беру ұйымдарындағы ерлік сабақтары, әскери бөлімдерде «Ашық есік күндері», жастар арасында патриоттық челендждер ұйымдастырылады. Сондай-ақ ардагердің үйінің алдында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндер мен музыкаларды орындайды, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері салтанатты шерумен өтіп, ардагерге әскери сәлем береді.
Акция «9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерекесімен қорытындыланады.