Алматыда әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен «Отан дауысы» әскери-патриоттық ән байқауы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны Алматы қаласы білім басқармасының қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-практикалық орталығы, «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысы және ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ұйымдастырды.
Қазылар алқасы байқауға қатысушыларды орындаушылық, әртістік шеберлігі, актерлік және хореографиялық деректері, композицияның өзіндік ерекшелігі мен сахналық костюмі бойынша бағалады. Сонымен бірге авторлық әндерге ерекше назар аударылды.
Қазылар алқасын аты аңызға айналған генерал-майор Иван Панфиловтың немересі, Ұлттық әскери-патриоттық орталық бастығының орынбасары – Алматы қаласы Жауынгерлік даңқ мұражайының әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің бастығы Алуа Байқадамова басқарды.
№ 27 гимназияның оқушысы Юлия Макс Бас жүлде иегері атанды. Оған X-Factor шоуының жаттықтырушылары Бек Оралбеков пен Гүлжиан Оспанованың вокал бойынша 10 сабаққа сыйлық сертификаты, ақшалай сыйақы және кубок табыс етілді. Бірінші орынды сол гимназияның өнерпазы Алуанай Сапи иеленді. Екінші орын № 118 мектеп-гимназияның оқушысы Тимур Кириловқа, үшінші орын № 78 гимназияның оқушысы Алсу Алухановаға бұйырды. Байқау жүлдегерлері «Отан дауысы» мүсіншелері мен вокалды оқытуға сертификаттар алды.