ТЖМ Қазселденқорғау мамандары мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары пилоттық жоба аясында көшкін қаупі мониторин жүргізу автономды автоматтандырылған жүйесінің датчиктерін орнатты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жүйе беткейлерден қар массасының түсу қаупі туралы ескертуге және өңірде уақтылы алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.
«Ғалымдармен ынтымақтастықты бірнеше жылдан бері жүргізіп келеміз, басты мақсат - көшкін белсенділігін зерттеу және мониторинг жүйесін құру. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалары бойынша қаржыландырылды. Облыс аудандары бойынша қар көшкіні қаупі бар учаскелерді алдын ала жүйелеу жүргізілді, олар үшін қар өлшеуіш маршруттар әзірленді. Заманауи әдістер мен ГАЖ технологияларын қолдана отырып, учаскелерді картаға түсіру жүргізілді. Пилоттық жобада мониторинг жүйесінің алғашқы датчиктерін орнату бүгін Глубокое ауданында басталды», - деп Шығыс Қазақстан облысы Қазселденқорғау филиалы басшысының міндетін атқарушы Телғат Нұрахмет айтты.
«Температураның жоғарылауы, жауын-шашынның көп мөлшерде түсуі, желдің қарды көшіруі көшкіннің ықтималдығын арттыратындықтан, оны болжаудың тиімді құралдары қажет болды. Мониторингтің автоматтандырылған жүйесі нақты уақыт режимінде қажетті деректерді жинауға, бейнебақылау жүргізуге, оның ішінде күрделі метеожағдайларда бақылаушылардың қардың қалыңдығын өлшеуге шығу қиын болғанда қар көшкіні жағдайы бойынша қажетті болжам алуға және профилактикалық шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», - деп Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің цифрлық офицері Наталья Денисова түсіндірді.
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаевтың айтуынша ғалымдармен ынтымақтастық облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.