Астанадағы №73 мектеп-лицейінде «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жылда дәстүрлі түрде өтетін спорттық сайыс аталған мектептің 3-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында ұйымдастырылды. Сайысқа жалпы 100-ден аса мектеп оқушысы қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Сайыс мектебімізде жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұлттық құндылықтарымызды және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шараны оқушы, ұстаз, ата-ана арасында үшжақты ынтымақтыстықта жұмыс істеудің тамаша үлгісі деп есептейміз. Жалпы бұл – 3-5 сыныптар аралығында өтетін сайыс. Бұл сайыстың бір қызығы – аналар күш сынасса, әкелер бауырсақ пісірді. Барлық қатысушы ойын арасында ошақта піскен ыстық бауырсақ пен шоқ самаурында қайнаған шайдан ауыз тиді. Мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы балалар және ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге өзіндік ықпалын тигізеді», - деді №73 мектеп-лицейі директоры Гүлшат Қалтаева.
Сайыс қатысушылары эстафеталық таяқшамен жүгіру, шанамен жарыс, арқан тартыс, қол күресі және «Бауырсақ-Fest» жарысында бақ сынасты.
Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, Алғысхаттар мен арнайы сыйлық берілді.