Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында 2025 жылы жөндеу жұмысы 13 мың шақырым жолды қамтитыны жоспарланғанын айтты. Оның 9,5 мың шақырымы қажетті қаржымен қамтамасыз етілген, қалған шақырымын қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 94%-ды, ал жергілікті жолдарда – 91%-ды құрайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өткен жылдары басталған ұзындығы 1,08 мың шақырым жобалардың: Қалбатау – Майқапшағай (405 км), Күрті – Қонаев (67 км), Қызылорда – Жезқазған (398 км) және Ұзынағаш – Отар (42 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1 045 шақырым бірінші техникалық санаттағы жаңа магистралдардың құрылысы басталады.
Министр мердігерлерді таңдау кезінде отандық компанияларға немесе шетелдік әріптестердің қатысуымен консорциумға артықшылық берілетінін, бұл қазақстандық құрылыс секторының одан әрі тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санаттарға ауыстыра отырып, реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл аталған сала мен ел экономикасының дамуына жаңа серпін береді.
Ағымдағы жөндеумен 6,6 мың шақырым қамтылады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін өңіраралық және аудандық жолдарды қосу. Биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ауқымды жұмыстар жоспарланған.
Жөндеу жүргізілмегеніне 30 жылдан 50 жылға дейін болған жолдар, Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Боғас (452 км) толық жөндеуден өтеді.