Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол саласын дамыту және аталған салаға цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ағымдағы жағдай туралы, сондай-ақ Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым жол, оның ішінде 8 мың шақырым – республикалық жол желісі, 4 мың шақырым – жергілікті жол қамтылған. Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын ірі автожол жобалары аяқталғанын, стратегиялық маңызды нысандар: Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасын айналып өтетін жол өтпесі, Түркістан облысында орналасқан еліміздегі алғашқы туннель пайдалануға берілгенін хабарлады. Сондай-ақ Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан, Қазталов – Жәнібек және Өнеге – Сайқын сияқты негізгі магистралдарда жол жүру қамтамасыз етілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, жергілікті жолдар жағдайы 89%-ға жеткені атап өтілді.
Мемлекет басшысының жолдарды жыл сайын жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2025 жылға 9,5 мың шақырымға жұмыс жоспарланған, сондай-ақ Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор, Қызылорда – Сексеуіл, Сарыағаш, Қызылорда, Петропавл, Рудный, Шымкент және Түркістан қалаларын айналып өту жобаларын іске қосу және 2,5 мың шақырымға жөндеу жүргізу көзделген.
Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев Үкімет отырысы барысында 2024 жылы республикалық желі нысандарын сараптамамен қамту 100%-ға, жергілікті желі бойынша – 99%-ға жеткенін хабарлады. Жол құрылысы сапасын бағалау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мердігер компаниялар өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге жұмыстарды қайтадан жасады. Биыл нысандарды 100% сараптамадан өткізу және жол-құрылыс материалдарының 10 мың үлгісіне сынақ жүргізу жоспарланып отыр.
Жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша автожолдарды диагностикалау бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде, автоматтандырылған бақылауға және электрондық көлік құжаттарына ауқымды көшу жүзеге асырылуда.
Премьер-министр жол саласы әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек» Олжас Бектенов
Автожол жобаларын уақтылы қаржыландырудың және осы мақсаттарға арналған жер учаскелерін резервке қоюдың маңызы атап өтілді. Премьер-министр өңірлер әкімдіктерінің алдына тиісті міндет қойды. Резервке қойылған жерлерді беруге мораторий енгізу, олардың нысаналы мақсатын өзгерту тапсырылды. Өнеркәсіп министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автожол жобаларына тартылған карьерлердің құжаттарын рәсімдеуі қажет. Көлік министрлігі жол салуға қажетті жерлерді мемлекет қажеттілігі үшін жедел сатып алуды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтауы тиіс.
Премьер-министр жергілікті жолдар желісін дамытуға баса назар аударды. Олжас Бектенов Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отырғанын атап өтті. Өңірлердің әкімдеріне құрылыс және реконструкциялау технологияларын сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімдері мәселелерін бақылауға алу тапсырылды.
Отырыс барысында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:
- Көлік министрлігі осы жылдың сәуір айынан бастап «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» жолдары және «Сарыағаш қаласы айналма жолын» салу жұмыстарына кіріссін;
- Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, барлық жолдардың жағдайына қатаң бақылау жасап, ақауларды уақтылы жойып отыруды қамтамасыз етсін, Ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелерді орнату жұмыстары жеделдетілсін;
- Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Цифрландыру, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесіп, жаппай жол апаттарының алдын алу үшін нақты алгоритмдер енгізсін;
- Көлік және Цифрлық даму министрліктері республикалық, жергілікті және қалалық жолдардың жағдайына мониторинг жүргізу үшін осы жылдың соңына дейін «Е-жолдар» цифрлық платформасын пилоттық режимде іске қосуды қамтамасыз етсін;
- Көлік және Цифрландыру министрліктері нарықтағы барлық цифрлық қызметтерге тексеру жүргізіп, олардың көлік-логистика саласына белсенді енгізілуін қамтамасыз етсін.