Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарастыруды тапсырды және оның дифференциациясының маңыздылығын атап өтті. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА Экономикалық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың пікірінше, Мемлекет басшысы бизнес пен сарапшылар қауымдастығының Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысына білдірген алаңдаушылығына жауап қатты.
– Президент Тоқаев Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесін тым жоғары деп атады. Осы пікірді қалай түсінесіз?
– Бұл жерде Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысы айтылып отыр. Бұл ұсыныс кеңейтілген Үкімет отырысында айтылған болатын және оған бизнес пен сарапшылар тарапынан қарсылық білдірілді. Себебі қазіргі 12% мөлшерлемеден 20%-ға дейін көтеру – екі есеге жуық өсім, бұл айтарлықтай радикалды өзгеріс. Сондықтан бұл деңгей Мемлекет басшысы тарапынан жоғары деп танылды.
ҚҚС мөлшерлемесін көтерудегі негізгі мақсат – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, өйткені ҚҚС – мемлекеттік табыстың ең ірі көзі. Өткен жылы бұл салықтан түскен түсім жоспарланған 5,8 трлн теңгенің орнына 5,2 трлн теңгеге де жетпеді, яғни 11%-ға аз жиналды. Ал биылғы бюджетте ҚҚС-тан түсетін түсім 6,5 трлн теңге деп белгіленген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Бірақ салықтық түсімдердің азаюына байланысты бұл жоспарды орындау оңай болмайды.
Логикаға сүйенсек, егер бюджетте ҚҚС түсімін 25%-ға арттыру көзделсе, онда мөлшерлеме де шамамен 25%-ға көтерілуі мүмкін, яғни 15%-ға дейін. Алайда Үкімет әлеуметтік салықты төмендету және басқа да түзетулер енгізуді жоспарлап отыр, сондықтан ҚҚС-тың жаңа ең төменгі деңгейі кем дегенде 16% болуы ықтимал.
– Президент ҚҚС мөлшерлемесін дифференциациялау қажет екенін айтты. Бұл өзгеріс экономика салаларына қалай әсер етеді?
– ҚҚС мөлшерлемесін дифференциациялау – бағаның күрт қымбаттауына жол бермеу үшін қажет. Өйткені ҚҚС – бағаға қосылатын жанама салық, оны түпкі тұтынушы, яғни халық төлейді. Инфляцияның жеделдеуі жағдайында ҚҚС реформасы әлеуметтік салдарға алып келмеуі үшін мұны ескеру маңызды. Сондықтан бірінші кезекте, әлеуметтік маңызы бар тауарларға, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдеріне төмендетілген мөлшерлеме қолданылуы мүмкін. Бұл агроөнеркәсіп кешеніндегі баға өсімін тежеп, азық-түлік инфляциясын азайтуға көмектеседі. Бірақ бәрібір ҚҚС жоғарылаған жағдайда, өндіріс шығындарының өсуіне байланысты баға белгілі бір деңгейде көтерілуі мүмкін.
– Президент салық жүйесіндегі өзгерістер жан-жақты талданып, нақты стратегия негізінде жүзеге асуы тиіс екенін айтты. Осы тұрғыда қандай негізгі факторларды ескеру керек?
– Менің ойымша, мөлшерлемені көтеруден де маңызды мәселе – ҚҚС төлеушілердің қамту деңгейін кеңейту. Мұнда асығыстыққа жол бермеу керек. Кеңейтілген Үкімет отырысында ҚҚС төлеуші болу үшін шекті айналым мөлшерін қазіргі 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Бірақ бұл бизнеске, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке үлкен жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан бұл шек тым төмен болмауы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – ҚҚС әкімшілендірудің тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда 138 мың салық төлеушінің тек 88 мыңы ғана ҚҚС төлейді. Үкімет алдымен осы 50 мың төлеушіні салықтық айналымға тартуға назар аударуы қажет. Әйтпесе, тіркеу шегін күрт төмендету көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, бизнестің қиын жағдайға түсуіне әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ салықтық реформаны ұзаққа созуға болмайды. Егер келіссөздер жыл соңына дейін жалғасса, былтырғыдай бюджет тапшылығы қайталануы мүмкін. Биылғы бюджетте ҚҚС түсімі 25%-ға артуы керек деп жоспарланған, сондықтан салық мөлшерлемесін көтеру қажет болады. Бірақ бұл процесс бизнеске қолайлы әрі кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс.