Офицерге құрмет көрсету кеші

2211
Фотосурет: ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Әлкешев Ниязтай Болатұлының зейнетке шығуына байланысты офицерге құрмет көрсету кеші өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кешке Ұлттық ұлан “Оңтүстік” өңірлігінің қолбасшылығы, жеке құрамы, ардагерлері және басқа да күштік құрылым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Ұлттық кітапхананың басшылығы, мәдени орталықтар мен кәсіпкерлер қатысты.

Әскерді мығым етіп ұстап тұратын негізгі діңгегінің бірі - қатаң тәртіп пен тәрбие. Онсыз әскерді елестету мүмкін емес. Ал осы салада 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп, абырой биігіне көтерілу -  орасан еңбек пен қажыр-қайратты көрсетеді. Полковник Ниязтай Әлкешев 1997 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері қатарына әскери қызметке шақырылған. Сол уақыттан бері Қарағанды, Астана, Көкшетау, Алматы, Өскемен қалаларында взвод командирі, рота және батальон командирлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, тәрбие бөлімшесінің аға көмекшісі, бөлімше бастығы, бөлім командирінің орынбасары, басқарма бастығы, “Шығыс” және “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшы орынбасары лауазымдарында мансап сатыларынан өтті.

Кеш барысында Ниязтай Болатұлы өзі ұстаз тұтатын тәлімгерлері Ұлттық ұланның ардагері генерал-майор Әлібек Серәлиев және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, «Халықаралық білім корпорациясының» президенті Әділ Несіпбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова және басқа қонақтар ғибратты естеліктер айтты.

Сіз бүгін өміріңіздің жаңа белесін бастап отырсыз. Қалай дегенмен де көпжылдық тәжірибеңіз, жинаған білім-қазынаңыз әскердің жас буынын тәрбиелеу үшін керек екені сөзсіз. Сіз біздің жүйемізден кетпейсіз, кемеліне келіп, толысып тұрған шағыңызда майталман маман, құрметті ардагер ретінде ұландықтардың жаңа буынына білім-тәжірибеңізді  беруді жалғастыратын боласыз Генерал-майор Талапкер Әміреев

Офицердің көпжылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірқатар марапаттарының басында ІІ дәрежелі “Айбын” ордені тұр. Одан бөлек  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», І, ІІ, ІІІ дәрежелі және 25 жыл «Мінсіз қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдары, мерейтойлық және ведомстволық медальдары, алғыс хаттары мен құрмет грамоталары бар.

Салтанатты кеш полковник Ниязтай Әлкешевтің зейнетке шығуына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Жауынгерлік туымен қоштасу іспетті жақсы офицерлік дәстүрмен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -