Көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл мөлшері төмендейді. Ұландықтар жол қозғалысы ережесіне енгізілген өзгерістерімен таныс болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде жол жүру ережелері мен қауіпсіздігін сақтауды түсіндіруге арналған жиын өтті. Жиынға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 және 3477 әскери бөлімдерінің офицерлері мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілері қатысты. Өңірлік қолбасшылықтың техника және қару жарақ басқармасы мен әскери полиция басқармасы ұйымдастырған басқосуда ұландықтардың қызметтік және жеке автокөліктермен орын алатын жол көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылық мәселелері талқыланды. Іс-шарада алғашқы болып сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Азамат Ғабдуллин елімізде өткен жолы орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасады.
Айталық, өткен жылы орын алған жол көлік оқиғасынан 39518 адам жарақат алыпты. Офицер статистикалық мәліметтерден мысалдар келтіре отырып, жол-көлік оқиғасы әсіресе, кешке алты мен сегіз аралығында жиі орын алатындығын жеткізді. Сонымен қатар техника және қару-жарақ басқармасының бастығы полковник Евгений Карпушин «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметшілер арасында орын алған жол-көлік оқиғаларына сараптама жасады.
"Жолда жүру кезінде жеке құрамның қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оны болдырмау мақсатында бұл шара ұйымдастырылды. Мұндай шаралар ұландықтардың қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға тиімді әсер етеді деп ойлаймынғ" «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Азамат Ғабдуллин
Келесіде шараға қатысуға келген полиция қызметкерлері өздерінің бағыттары бойынша ақпараттарын жеткізіп, «Европротокол» арнайы мобильдік қосымшасын түсіндіріп берді. ШҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Ерасыл Сақарбеков ұсақ жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер сақтандыру жағдайын полиция мен соттың қатысуынсыз оңайлатылған тәртіппен рәсімдей алатынын, ол үшін арнайы «Европротокол» мобильдік қосымшасы әзірленгенін баяндады. Ал, ШҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Мақсат Ораз жол қозғалысы ережесіне енгізілген жаңа өзгерістерге тоқталды.
"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 155-VIII ҚР заңына Мемлекет басшысы 2025 жылғы 10 қаңтарда қол қойды.Жаңа енгізілген өзгеріс бойынша көлік жүргізушілері үшін тұрақ ақысын төлемегені үшін айыппұл азаяды. Естеріңізге сала кетейік, ӘҚБтК – нің 597 – бабының 4-1-бөлігіне сәйкес автотұрақ ақылы жерлерде тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 3 АЕК құрайтын. Бірақ 13 наурыздан бастап тұрақ ақысын төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл 1 АЕК – ке дейін төмендетіледі. Кездесу соңында әскери қызметшілер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, заң аясында тиісті жауаптарын алды.