Астанада табысы аз, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсетілетіні белгілі болды. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Болат Жұмаділ мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, кедейлік шегінің мөлшері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% ретінде есептеледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Тоқсан сайын берілетін АӘК шартты және шартсыз ақшалай төлем негізінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмекті еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар алады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға, яғни Әлеуметтік Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты, құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасыларға көрсетіледі», - дейді спикер.
Ведомство басшысының айтуынша, шартты ақшалай көмек құрамында жұмысқа орналаса алатын кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға төленеді.
«АӘК бойынша тағайындалған сомаға ай сайынғы негізде 1 жастан 6 жасқа дейінгі (қоса алғанда) әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем төленеді. 2025 жылы қосымша төлем айына 5 898 теңгені құрайды.
АӘК-ге өтініш беру тоқсанына бір рет жүргізіледі. 2024 жылы Астана қаласы бойынша барлығы 2614 отбасыға , оның ішінде 13269 адамға АӘК тағайындалды және 1,8 млрд теңгеге жуық төлем төленді. Оның ішінде: шартты ақшалай көмек – 1429 отбасыға (8 393 адам); шартсыз ақшалай көмек – 1185 отбасыға ( 4846 адам).
Еңбекке жарамды адамдар қатарынан: жұмыссыздар – 45 адам, өтініш берген сәтте жұмысы бар – 1610 адам, бала күтімімен отырған адамдар, мүгедектігі бар баласы бар, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, және қарттар – 1897 адам», - дейді Болат Жұмаділ.
2024 жылы жұмыссыздар қатарынан 76 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды:
- тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған – 53 адам.;
- қоғамдық жұмыстарға – 14 адам;
- жастар практикасына – 1 адам;
- Кәсіптік оқыту – 5 адам;
- 3 адам өз кәсібін ашуға грант алды.
«АӘК (Шартты ақшалай көмек) алушылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру үлесі 2024 жылы – 64,9% құрады.
Сондай-ақ, 2025 жылы учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру жүзеге асырылды, олар материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытынды шығарады. Бұл комиссиялар үшін FSM social мобильді қосымшасы жасалды. Оның артықшылықтары:- геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны); - жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату; - зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілі алынып тасталды», - дейді Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.