Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің ТЖ алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін бағалауды бастады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар Арқалық қаласынан басталды. Онда су тасқынын болдырмауға бағытталған алдын алу шараларымен танысты.
2024 жылдың наурыз айында Арқалық қаласында 453 тұрғын үй су астында қалды. Су тасқынының ықтимал себептері ретінде жердің ылғалдылығының жоғары болуы, қар көлемінің қалыптан тыс артуы және ауа температурасының күрт көтерілуі аталды. Өткен жылғы жағдайдың қайталанбауы үшін Арқалық қаласы мен ауылдарында алдын алу шараларының кешені жүзеге асырылды.
Сапар барысында Серік Жүнісбеков шұғыл әрекет ету топтарының дайындық деңгейін және су тасқынымен күресу үшін қажетті техникалық жабдықтарды тексерді. Сондай-ақ, ол Северный, Родина және Новый ауылдарына барып, онда жаңадан салынған нөсерлік кәріз жүйелері, 50-ден астам әртүрлі диаметрдегі су өтетін құбырлар мен арық жүйелерінің салынғанын көрді. Бұл жұмыстар су тасқынының салдарын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, ол қарды шығару полигонының жағдайымен танысып, оның су тасқынының алдын алу мақсатында қажетті көлемдегі қарды қабылдай алу мүмкіндігін бағалады.
ТЖ алдын алу комитетінің төрағасы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін аралап, оның қызметкерлерімен кездесіп, көктемгі су тасқынына дайындықтарын талқылады.
Сапардың қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі мен ТЖ департаментінің басшыларымен бірлескен жұмыс кеңесі өткізілді. Кеңес барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және су тасқынынан халықты қорғау шаралары талқыланды. Қарды уақытында шығару және су тасқынының ықтимал салдарын азайту үшін бөгеттің биіктігін арттыру бойынша ұсыныстар берілді.