Астанада терең ой салатын драма сахналанды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған S.O.S атты драма жанрындағы кезекті қойылым өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Драматург Мәдина Омарованың туындысында қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық және оның зардаптары бір отбасының трагедиясы арқылы көрсетілді.
«Нашақорлық – бүгінгінің ең үлкен дерті. Сондықтан да біз бұл әлеуметтік драманың атын S.O.S. деп атадық. Осылайша көпшілікке дабыл қағу арқылы нашақорлықтың алдын алуға өз үлесімізді қоспақпыз. Өйткені адамдардың психологиясына тән нәрсе, бұл – басты кейіпкеріміз сияқты еліктегіштік, мол ақшаға қызығушылық. Әсіресе оң, солын танып үлгермеген жасөспірімдердің тағдыр тәлкегіне түсуі әп-сәтте. Нашақорлық және есірткі бизнесі ешқашан жақсылыққа апармайды, бұл жолға қадам басқандардың алдынан тек қана қара түнек күтіп тұрмақ. Біз осыны көрерменге жеткізгіміз келді» Спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров
Спектакльде басты кейіпкер Айбар рөлінде Бибол Байғараев, Абзал Арапов болса, Айбарша рөлін Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева сомдайды. Ал анасының рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат орындайды. Ал есірткі сататын топтың басшысы рөлін Қазбек Есқара ойнады.
Айта кетейік, қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясын іске асыру аясында ұсынылған болатын. Көрермендердің пікірінше, S.O.S. өзіне жүктелген сенім мен мақсатты ақтады. Өйткені спектакльдің жастардың көңілінен шыққаны соншалық, олар қойылымды екінші мәрте көруге келіпті.