Атырау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу

4829
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 6 ақпанда Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындығын бағалау үшін Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласына барды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жұмыс сапары барысында ол табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша дайындық іс-шараларымен танысты, сондай-ақ су басу мен су тасқыны қаупі бар жағдайды жақсарту бойынша бірқатар негізгі жобалардың орындалуын тексерді.

ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағының бортында Жылыой ауданының аумағына аэровизуалды барлау жүргізілді. Тексеру барысында Жем және Құрсай өзендерінің арналарының жай-күйіне, сондай-ақ су тасқыны кезеңінде су басудың алдын алуға бағытталған оларды тереңдету және кеңейту бойынша ауқымды жұмыстарға ерекше назар аударылды. Мұндай іс-шаралардың негізгі элементі бөгендерді салу және нығайту болып табылады, бұл нөсер жаңбыр мен қар тез еріген жағдайда су басу қаупін едәуір азайтуға көмектеседі.

Аэровизуалды тексеруден кейін вице-министр Құлсары қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды, онда өткен жылғы су тасқынын есепке ала отырып, алдын алу іс-шаралары қаралды. ТЖМ өткен жылғы оқиғалар барысында анықталған проблемалар мен кемшіліктерді жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Су тасқынынан қорғау инфрақұрылымын жақсарту іс-шаралары талқыланды, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайларға ден қоюдың жаңа тетіктері пысықталды.

Кездесу барысында вице-министр алдын алу шараларын күшейтуге және ықтимал ТЖ жағдайындағы іс-қимылдарға дайындыққа қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар барлық жоспарланған жұмыстарды уақтылы аяқтаудың және аудан халқы үшін барынша қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Жедел әрекет ету ғана емес, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін профилактикалық шаралар қабылдау да маңызды. Бұл кешенді тәсілді, барлық қызметтердің үйлестірілген жұмысын талап етеді. Қорғаныш құрылыстарын нығайту, өзендерді кеңейту және бөгендер салу кешенді іс - шаралары қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға және су басу қаупін азайтуға көмектеседі», - деп вице-министр генерал-майор Кеген Тұрсынбаев атап өтті.

Сонымен қатар сапар барысында өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерін төтенше жағдайларға тиімді ден қою үшін қажетті ресурстармен жарақтандыру мәселелері талқыланды. Вице-министр жұмыстың маңызды бөлігі жеке құрамды тұрақты даярлау және жедел дайындықты дамыту болып табылатынын атап өтті.

ТЖМ халықты және аумақтарды ықтимал төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -