Тараз қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде «15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 36 жыл толуына» орай және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске 100 күн қалғанда» атты республикалық акция аясында 5513 әскери бөлімінің қазақ күресінен біріншілігі өтті.
Ұлттық спортты дәріптеу, сарбаздардың рухын көтеру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа әскери бөлімнің ең мықты балуандары қатысып, өзара белдесті. Дәстүрлі қазақ күресінің қаһармандық пен төзімділікті қажет ететінін ескерсек, бұл сайыс сарбаздардың ерік-жігерін, қайсарлығын және жауынгерлік рухын шыңдаудың жарқын үлгісі болды.
Жарыс барысында қатысушылар күш сынасып, нағыз батылдық пен табандылық танытты. Әскери қызметшілер өз шеберліктерін ортаға салып, жеңіс жолында қайсарлық көрсетті. Белдесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әділ қазылар жеңімпаздарды анықтады. Қарсыластарына дес бермей, бақ пен бабы қатар шапқан 74 кг салмақ дәрежесінде ефрейтор Бақнұр Жұмабек, 82 кг салмақ дәрежесінде қатардағы Диас Бердібай және 66 кг салмақ дәрежесінде қатардағы Рабмир Махмуттар жеңімпаз атанды.
Бұл біріншілік – тек спорттық дода ғана емес, Ұлы Жеңіске арналған тағзым әрі әскери қызметшілердің ерік-жігерін шыңдайтын маңызды шара. Мұндай жарыстар сарбаздардың дене дайындығын арттырып қана қоймай, олардың ұлтжандылық қасиеттерін нығайтуға да зор ықпал етеді Бөлім командирінің орынбасары подполковник Құрмет Зарипов
5513 әскери бөлімінің басшылығы мен ұйымдастырушылары бұл дәстүрлі доданың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, қатысушыларға алғыс білдірді.
Лейтенант Салтанат Әзімхан, Тараз қаласы