Қорғаныс министрі сарбазға демалыс беріп ынталандырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов министрмен сөйлескенде тосылған жоқ. Ол қорғаныс ведомствосының басшысына өз міндеттерін баяндап, қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оны қатарластарына үлгі етіп, бөлім командиріне сарбазды 10 күндік демалысқа жіберуді тапсырды.
Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы мекемелер мен әскери бөлімдердің инфрақұрылымының жай-күйін зерделеді. Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиабазада ол өткен жылы қабылданған жойғыш ұшақтары ұшқыштарын даярлауға арналған жаңғыртылған тренажер кешенімен танысты.
"Қорғаныс ведомствосы ұшу құрамын сапалы оқытуға мүдделі. Пайдалануға берілген жоғары технологиялық тренажер кешені әскери ұшқыштарды даярлау процесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді" Генерал-полковник Руслан Жақсылықов
31775 әскери бөліміндегі сапар Даңқ аллеясына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан қарағандылықтарды еске алып, Қорғаныс министрі Жеңістің 80 жылдық мерейтойын атап өту 2025 жылы мемлекеттің күн тәртібіндегі маңызды іс-шаралардың бірі екенін еске салды.
Модульдік казармаларды аралап жүріп генерал-полковник Руслан Жақсылықов мерзімді қызметтің сарбаздарымен әңгімелесті. Қатардағы жауынгер Шахман Мұратов қойылған барлық сұрақтарға нақты және дұрыс жауап бере отырып, жалпыәскери жарғылар туралы мінсіз білімін көрсетті. Міндеттерін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін Қорғаныс министрі бөлім командиріне Шахман Мұратовқа үйіне барып келуге 10 күндік демалыс беруді тапсырды.
"Бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Анам қуанатын болды. Менің үйге баруым ерекше тосын сый болады" Шахман Мұратов
Мерзімді әскери қызмет өткеру үшін Шахман Мұратов университеттен академиялық демалыс алып, өткен жылдың қараша айында әскери комиссариатқа келген болатын. 31775 әскери бөлімінде ол жаяу әскер жауынгерлік машинасының жүргізуші-механигі қызметін атқарады. Демалысын үйінде ата-анасымен, әжесімен, 4 әпкесі және 2 ағасымен бірге өткіземін деп отыр.
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағандыдағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің оқытушылар құрамымен кездесуде министр тәрбие және идеологиялық жұмыстың маңызды аспектілеріне назар аударып, тәрбиеленушілердің бойындағы патриотизмді бала кезден қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Қорғаныс ведомствосының басшысы байланыс батальоны мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына да барды. Осы бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын бағалағаннан кейін ол техникалық жабдықталуын жақсарту және жеке құрамды даярлау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.