Жамбыл облысында өңірдің бизнес өкілдері ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуге 80-нен астам кәсіпкерлік қызмет өкілі, соның ішінде түрлі салалардағы шағын, орта және ірі бизнес өкілі қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы кәсіпкерлерді қолдауға, салық жүйесінің ашықтығын арттыруға, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған Салық заңнамасындағы алдағы өзгерістер болды.
Кездесу барысында вице-министр Үкімет реформа аясында ҚҚС-ны жанама салық ретінде өз сипатына қайтаруға ұмтылыс білдіріп отырғанын атап өтті. ҚҚС төлеушілер қатарының артуы бұрын ҚҚС есептей алмай отырған компанияларға оң әсер етеді, өйткені олар салық төлемейтін тұлғалармен жұмыс істеді. Мұндай кәсіпорындар үшін салық базасы қысқарады және олар ҚҚС мөлшерлемесінің өсуін сезбеуі мүмкін. Сонымен қатар салық төлеушілер аясын кеңейту тең бәсекелестік жағдай туғызады, бұл бизнес үшін қолайлы жағдай.
ҚҚС шегінің төмендетілуі шағын кәсіпкерлерге бухгалтерлік есеп жүргізуді міндеттейді. Сол себепті бұл үдерісті жеңілдету мақсатында кассалық әдісті енгізу, сондай-ақ электронды шот-фактуралар мен банк қосымшалары арқылы салықтық есепті автоматтандыру қарастырылып отыр.
Сондай-ақ Үкімет қоғамда салық төлеуге оң көзқарас қалыптастыру қажеттігіне назар аударып отыр. Атап айтқанда, реформалар қосымша құн тудырмайтын, бірақ ең алдымен транзакциялық қызмет, қаражатты қайта бөлу немесе заңсыз әрекеттер арқылы пайда әкелетін қызмет түрлеріне әділ салық салуға бағытталған.
Талқылау барысында Жамбыл облысының бизнес-қоғамдастығы өкілдері алдағы салықтық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді.
«ӘулиеАтаФеникс» ЖШС директоры, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі өңірлік және салалық кеңесінің төрағасы Фарида Жүнісова ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экономиканың негізгі салаларының бірі екенін атап өтті. Қазіргі шаруа қожалықтары ҚҚС төлеуден босатылған, ал аграрлық сектордың заңды тұлғалары тиісті салықтардың тек 30%-ын ғана төлейді. Президент ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізуді және шекті 20%-дан төмен қоюды тапсырды. Осыған байланысты бизнес-қоғамдастығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ҚҚС-ны толығымен жою идеясын қолдайды, бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне оң әсерін тигізеді.
Сондай-ақ ол орта кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің санын 250-ден 1 мың адамға дейін арттыруды және жалпы жылдық кірісті 10 млн АЕК-ке дейін көтеруді ұсынды.
«ӘулиеАтаТрансПасс» ЖШС директоры, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы Рашид Пірманов жолаушылар тасымалы саласына қатысты мәселе көтерді. Ол әлеуметтік маңызы бар жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындар үшін ҚҚС мөлшерлемесін 0%-ға дейін төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуына қарағанда, бұл қоғамдық көліктің қолжетімділігін сақтауға, мемлекет пен бизнестің және азаматтардың мүдделерін теңестіруге ықпал етеді.
Оның пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесін төмендету, жаңа автобустарды әкелу кезінде делдалдарды жою көлік компанияларының қаржылық жағдайын жақсартады. Бұл шаралар маршруттарды қысқартудың алдын алып, жолақы құнын тұрақты деңгейде ұстап тұруға және автобус паркін жаңартуға мүмкіндік береді.
«Л. Айдаров» ЖК басшысы, Өңірлік кеңестің мүшесі, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Латиф Айдаров жеңілдетілген несиелеу, ЖАО преференциялары сияқты мемлекеттік қолдау құралдарын қолдана отырып, қызмет қорытындылары бойынша бизнесті ынталандыру тәжірибесін енгізуді ұсынады. Сондай-ақ кәсіпкер салықтың күрделілігін ескере отырып, ҚҚС әкімшілендіруді енгізуді ұсынды.
Кездесу аясында қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті. Реформалардың ашықтығы және кәсіпкерлердің пікірлерін есепке алу шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде бизнес өкілдерімен кездесулер өтіп жатыр. Үкімет осы кездесулер шеңберінде айтылған ұсыныстарды мұқият талдап, әрі қарай Парламенттің қарауына және заңнамалық бастамаларға енгізуге жолданатын болады.