15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күн. 1979-1989 жылдар аралығында Ауған жерінде 22 мыңнан астам интерноциалдық миссия арқалаған қазақ жауынгерлері қызмет етті. Олар өздеріне жүктелген тапсырманы орындау барысында асқан батылдық пен ерлік көрсете білді. Бүгінде Ауған соғысының бірқатар ардагері тәуелсіз Қазақстанның жас буынын патриоттыққа тәрбиелеп, әскери білім беріп жүр. Солардың бірі – «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, құқықтық тәртіп әскерінің ардагері отставкадағы майор Қабылбек Рахымғұлов.
Қабылбек Қанатұлы 1959 жылы 12 наурызда Ақмола облысы Ерейментау ауданында дүниеге келген. Оқу бітіргеннен кейін 1978 жылы Отан алдындағы борышын алыстағы Алманияда өтеген. Зымыранға қызмет көрсету батареясы құрамында қызмет еткен қатардағы жауынгер ЗИЛ-131 көлігінің жүргізушісі болды. Жалындаған жас жігіт армияның алғашқы күндерінен бастап жан-жағын зерттеп, болашағын бағамдайды. Әскерден келген соң П.С. Рыбалко атындағы Ташкент жоғары танк училищесіне «Командалық тактикалық, доңғалақты және шынжыр табанды машиналар» мамандығы бойынша білім алады. 1984 жылы Аягөз қаласында қызмет атқарады. Сол жылдары Орта-Азия әскери округі жалпыәскери армиясы танк дивизиясы танк полкінің танк взводының командирі болып тағайындалған. Кейін Гвардиялық мотоатқыш дивизиясы гвардиялық мотоатқыш полкінің танк взводының командирі лауазымында болды. Содан соң интерноциалистік миссиямен Ауғанстанға аттанады.
- Біз Шинданд деген жерде орналасқан 370 атқыштар полкінің танк батальонының құрамындағы ротада болдық. Дерменд деген провинцияның Регистан деген шөлейтті далалмен шектесетін тұстағы қалашық маңына бекініс құрдық. Техникалар мен жана-жағармай секілді қажетті дүниенің бәрі біздің аумақ арқылы өтетін. Кандагарға қарай біздің тараптан өтетін калонналардың қауіпсіздігін қадағалап отырдық, - деді Қабылбек Қанатұлы.
Сол жылдары 26 жастағы жас лейтенант қызмет барысында өздерінің шабуылға ұшыраған сәттері болғанын да айтты. Сондай қақтығыстардың бірінде контузия да алған. Алайда мұны санитарлық бөлімге айтып, ешқандай тіркеу жасатпаған.
- Ауғанстанда Қаратау тауы бар. Сол жақтан Регистанға қарай келетін жол болды. Бұл жолдың маңынан су ағып өтетін. Маңайы жасыл-желек, тал өсетін. Соларды қалқалап, шабуыл жасағандар болды. Екі сағаттай атқыштар астында қалып қойдық. Бірақ өз қорғауымыздағы калоннаны өткізіп жібердік, - деді отставкадағы майор.
Екі жыл ішінде мұндағы жауынгерлер бір үйдің баласындай бауырмал болып кеткен. Бір-біріне қамқорлық танытып, достыққа адал болды. Сол байланыс, сол қарым-қатынас әлі күнге дейін үзілмей келеді.
1987 жылдың маусымында елге келген соң Беларусь елінде қызмет атқарды. Ол Чернобыл апатының салдарын жою жұмыстарына атсалысты. Одан кейін Қазақстанға оралды. Сол кезеңдегі ауқымды өзгерістерге байланысты ол Ішкі әскер құрамына қабылданады. Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімі рота командирінің қару-жарақ бойынша орынбасары, зенит зымыран полкінің жөндеу ротасының командирі секілді қызметтер атқарды. Ішкі әскердегі қызметінен кейін және радиациялық аумақтағы жұмыс өтіліне байланысты зейнеткерлікке шықты.
Мұнымен ғана тоқталып қалмаған қадірлі офицер тәуелсіз елдің жас буынын жауынгерлік өнерге баулып, білім беруге бел буды. Қабылбек Рахымғұлов жиырма жылдан бері елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазқа агратехнологиялық зерттеу университетінің әскери кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етіп жүр. Кеудесіне «КСРО ҚК 70 жыл», «КСРО ҚК сәтті қызметі үшін», «От благодарного Афганского народа» медальдары мен «Қызыл жұлдыз» орденін жарқырата таққан Ауған соғысының ардагері бүгінде білім қуған жастардың әскери қызығушылығын оятуды мақсат еткен. Олардың бойындағы патриоттық сезім шоғын үрлеп, нағыз мемлекетшіл жастардың қалыптасуына өзіндік үлесін қосып келеді. Ара-тұра Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде өтетін ауған тақырыбындағы іс-шараларға қатысып, бастан кешкенін және көрген-білгенін жас ұрпаққа айтып тұрады. Әр сөзіне бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін қосақтауды ұмытпайды. Өйткені от пен оқтың арасында болған адам үшін татулық пен достықтан артық байлық жоқ.
- Еліңнің аспаны ашық, ағайын туыс аман, бала-шағаң жаныңда болса одан асқан бақыт бар ма?!, - дейді бір ұл бір қызынан туған немерелері мен жиендеріне үлгілі ата болып отырған Қабылбек Қанатұлы.
Ауған соғысы ардагері айтқан сөздің жаны бар. Қазақ онсызда аз соғысқан жоқ, тағдырдың тауқыметін де талай тартқан. Сондықтан халқымыздың мамыражай тіршілігі мәңгілікке ұлассын. Көк туымыз көктен түспесін!
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл