ТЖ вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев Төтенше жағдайлар министрінің атынан «Өркен» шаруа қожалығының басшысы Талғат Мұсірәтке тұрғын үйдегі өрт кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, адам өмірлерін сақтап қалғаны үшін «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін табыстады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Вице-министр медальді тапсыра отырып: «Талғат Мүсірәт батылдықты ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті талап ететін нағыз ерлікті көрсетті. Оның бұл әрекеті шабыттандырып, барлығына үлгі болады. Мұндай адамдар өз заманының нағыз батырлары және біз олардың ерліктерін мақтан тұтамыз», - деп атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 7 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін көршісі Талғат Мүсірәт өз өмірін қатерге тігіп, терезе арқылы қатты түтіндеген үйге кіріп, қарт әйел мен төрт баланы құтқарып, қауіпті аймақтан шығуға көмектесті. Өрт сөндірушілер сол жерге келіп, 30 шаршы метр аумақтағы өртті жойды. Өрттің себебі электр жабдықтарын монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау болды.
Батырдың өзі марапатқа ризашылығын білдіріп: «Мен адамдарға қауіп төніп тұрғанын көргенде шетте қарап тұра алмадым. Мен түйсігіммен әрекет еттім, егер де тағы да осындай жағдайға тап болсам, де солай істейтін едім. Мен үшін ең бастысы – құтқарылған өмір», - деп айтып өтті.