«Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермендерге жаңа қойылымдар дайындауда. Олардың қатарында ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған спектакльдер бар. Сондай-ақ, алдағы премьералардың бірі – мәңгілік махаббат туралы аңызға айналған оқиғаны баяндайтын «Естайдың Қорланы» музыкалық драмасы. Бұл қойылымдардың тұсаукесері 2025 жылдың күзіне жоспарланған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазіргі VIII маусымда театр репертуары төрт жаңа қойылыммен толықты: «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы, QULAN феериясы, Alatau FM radiosy музыкалық комедиясы және қазақтың әйгілі композиторы, ақыны, айтыс шебері Біржан сал Қожағұлұлының әндеріне негізделген «Теміртас» реквием-спектаклі.
«Театр репертуарынан қызықты саундрамаларды, жарқын феерияларды, музыкалық комедияларды және реквием-спектакльдерді көруге болады. Бұл батыл эксперименттер біздің труппамызға жаңа көкжиектерді ашып, көрермендерге ерекше театрлық әсер сыйлайды, дәстүрлі театрдың шекарасын кеңейтеді. Айта кетерлігі, өткен жылы театр сахнасында 50-ден астам қойылым қойылып, көрермендер көбейіп, мазмұнды мәдени бағдарлама жасалды. Жалпы, 2024 жылы біздің спектакльдерімізді 62 мың адам тамашалады – бұл соңғы үш жылдағы рекордтық көрсеткіш» Мәлімдеді театр директоры Мақсат Нұралиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде
«Алатау» театрының қойылымдары 20-дан астам ұлттық аспапта шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің жанды сүйемелдеуімен өтеді. Труппа құрамында «Алатау» би ансамблі, ақындар, дәстүрлі ән орындаушылары мен талантты актерлер бар.