Антальядағы «Таза Қазақстан» акциясы мәдениеттерді тоғыстырды

1672
Фотосурет: Gov

Анталияда Жамбыл Жабаев атындағы саябақты абаттандыру бойынша экологиялық акция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығы отандастармен бірлесіп, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев атындағы саябақты абаттандыру бойынша экологиялық іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға қатысушылар қаланы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып, саябақ аумағын абаттандыру мен ағаш отырғызды. Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналған іс-шара Кепез ауданы муниципалитетінің қолдауымен ұйымдастырылды және екі маңызды мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні мен Түркиядағы Еңбек және ынтымақ күні (Emek ve Dayanışma Günü) қарсаңында өткізілді.

Бұл бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында жүзеге асырылуда.

ҚР Бас консулы Қуат Канафеев өз сөзінде бір жыл бұрын, 2024 жылғы 1 мамырда Бас консулдықтың бастамасымен және қалалық муниципалитеттің қолдауымен Анталияда бірінші рет қалалық жағажайларды тазарту бойынша экологиялық акция өткенін баса айтты. Бүгінде бұл қазақстандықтарды, түрік достарын және табиғатты сақтауға ұмтылғандардың барлығын біріктіретін жақсы дәстүрге айналды.

Сонымен қатар қазақ дипломаты былтыр Қазақстаннан тыс жерде алғаш рет қазақ халқының ұлттық кодының ажырамас бөлігі – Домбыра ескерткіші ашылған Жамбыл Жабаев атындағы саябақтың тазалығын сақтау мен абаттандырудың ерекше маңызға ие екенін айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -