Поэзия мұзбалағы дәріптелді

3157
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

5512 әскери бөлімінің клубында жеке құраммен өткізілетін тәрбие жұмысы сағатында поэзия әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған, өлеңге ерекше рең, өзгеше үн берген ХХ ғасырдың мөріне арналған ақиық ақын – Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Мұқағали-мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Шараның шымылдығын 2017 жылы Астана қаласында студенттер арасында ұйымдастырылған  «Мұқағали оқуларының» жеңімпазы атанып, 3 миллион теңгенің иесі атанған қатардағы жауынгер Дәулет Жұмағали ашты. Ол  ақынның келешек ұрпаққа арнаған өсиетімен және «Бүгін менің туған күнім!», «Поэзия» атты өлеңдерін жиылған қауымға тарту етті. 

Шара барысында саптағы сарбаздар ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр  шертетін бейнеролик тамашалады. Қатардағы жауынгерлер Алпысов Санжар, Жомартұлы Нұрислам, Ринатұлы Ильястың орындауында ақынның сөзіне жазылған «Қайран жеңгем», «Есіңе мені алғайсың», «Мен деп ойла», «Жарығым-ай»,  «Күрең күз» әндері шырқалып,  кеш көркіне шырай қоса түсті. Ал қатардағы жауынгерлер Жұмағали Дәулет, Мұқатай Мұрал, Орынбай Нұрсұлтан, Тұрсын Марғұлан, Шымат Нұрсұлтан, Қалиасқар Мағжанның орындауындағы «Алтай-Атырау» поэмасы мен Отан, туған жер, өмір, бақыт, махаббат тақырыбындағы туындылар көрермен жүрегінен орын таба білді. Мұқағали өлеңдерін жаттаған сарбаздардың қатарында  ақынның көрші ауылы  Алматы облысы Райымбек ауданының Қызыл шекара ауылының тұрғыны жауынгер Мұқатай Мұрал да болды.

- Мен жерлесімнің таңғы шықтай таза, бұлақтай мөлдір поэзиясына бала күннен ғашықпын. Мектеп қабырғасында «Мұқағали оқуларына» белсенді түрде қатыстым. 2023 жылы онлайн түрде өткізілген «Мұқағали оқуларында» «Шеше, сен бақыттысың!» өлеңін мәнерлеп оқып, жүлделі орынға ие болдым. Мұқағали жастардың жүрегіне от беретін, сыршыл  мінез бен өршіл рухтың лебі есіп тұратын ақын, - деді қатардағы жауынгер.

Жыл керуені алға жылжыған сайын ақынның  артына қалдырған өшпес мұрасы қараңғы түннен сәулесін шашқан жарық жұлдыздай іспетті. Ал біздің мақсат осы мұраны жаңғырту, жалғастыру, дәріптеу деп білемін.

Аға лейтенант Дана Мұқанова, 5512 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -