Қазақстанның авиация саласының болашағы: цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту

3608
Фотосурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, сондай-ақ Авиация әкімшілігінің, отандық әуежайлардың басшылары мен әуе компаниялардың өкілдері ағымдағы жағдай туралы баяндады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық әуе акомпаниялар 14,7 млн адамды тасымалдаған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артық. Ұшу қауіпсіздігі деңгейі 74%-дан 82%-ға дейін көтерілді. Қазақстандық әуе компанияларының Еуроодақ елдеріне ұшуы қайта жанданды. Ішкі әуе кемелері паркі белсенді дамып келеді. Өткен жылы ұшақтар саны 13%-ға өсті.

2025 жылы қосымша 14 ұшақ сатып алынады деп күтілуде. Алты әуе хабын құру көзделіп отыр. Бұл қадамдар Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған. 2030 жылға қарай жолаушылар ағынын, әуе кемелерінің паркін және халықаралық бағыттарды екі есе арттыру, сондай-ақ 500 мың тоннаға жуық жүкті өңдеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ авиация саласында заманауи цифрлық технологиялар, соның ішінде әуежайларда электрондық құжат айналымы және биометриялық сәйкестендіру жүйелері белсенді түрде енгізілуде. 2024 жылы 21 мың мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілді. Барлық қызмет түрін онлайн форматқа көшіру адамның жеке қатысу қажеттілігін жойып, бюрократиялық процестерді қысқартады.

Цифрлық трансформация азаматтар мен бизнес ұсынатын құжаттар санын 43%-ға, процестердегі қадамдар санын 34%-ға қысқартады деп күтілуде. Бүгінде жолаушылар eGov Mobile мобилді қосымшасы арқылы цифрлық құжаттардың 35 түріне қол жеткізе алды. Тағы бір құрал – ұшуға тыйым салуды тексеру қызметі, ол азаматтарға банк қосымшалары арқылы қарызын бірден төлеуге мүмкіндік береді. Төлем расталғаннан кейін әуежайдағы келеңсіз жағдайды қоспағанда, ұшуға тыйым алынып тасталады.

Премьер-министр Мемлекет басшысының авиация саласын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан аумағында халықаралық әуе хабтар құруға ерекше назар аударып отырған айтты. Осыған байланысты Үкімет еліміздің ең ірі 6 әуежайының аумағында арнайы экономикалық аймақ ашу туралы шешім қабылдады. Олар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдаушылар үшін жағдай жасауға басты назар аударылады.

Сондай-ақ жүктерді жеткізу әртүрлі көлік түрімен жүзеге асырылатын осы әуежайларды барлық халықаралық стандартқа сәйкес мультимодальды орталыққа айналдыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Мұнда әуе хабтарына автомобиль және теміржолдарды тарта отырып, жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту көзделеді.

Бұдан басқа, заманауи цифрлық технологияларды енгізу жұмысы жалғасады.

«Жүк тасымалы және оларды өңдеу бойынша озық цифрлық технологияларды енгізу керек. Бұл мәселеге қатысты арыз-шағымдар көп екенін білеміз. Орын алған мәселелерді шұғыл әрі жүйелі түрде шешу керек. Заманауи цифрлық технологиялар операциялық процестерді оңтайландыруға, жолаушыларға қызмет көрсету ісін жеделдетуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Авиация саласы – туризмді, оның ішінде ішкі туризмді дамытудың маңызды факторы» Олжас Бектенов

Премьер-министр Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағай курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар құрылысының маңызды екенін атап өтті. Шағын авиацияны дамытуға, сондай-ақ әуе такси сияқты жаңа қызметтер енгізуге баса назар аударылады. Премьер-министр Көлік министрлігіне аталған бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Олжас Бектенов министрліктер алдында бірқатар маңызды міндеттер қойды:

  • Көлік министрлігі 2028 жылға қарай жүктерді тасымалдауды екі есеге арттыру үшін ұлттық әуе жүк тасымалдаушысын құру жөніндегі жұмысты жеделдету қажет.
  • Көлік министрлігі әуе апатын тергеуге жауапты жеке ведомство құру үшін заңнамаға қажетті түзетулер енгізуді жеделдетуі керек.
  • Көлік министрлігіне рейстердің кешігу мәселелерін шешу үшін әуе компаниялары мен әуежайлар арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін әзірлеу талап етіледі.
  • Көлік, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, әуе компанияларын, әсіресе шағын әуе компанияларын қолдау шараларын пысықтауы тиіс. Бұл жұмысқа квазимемлекеттік даму институттары да белсенді тартылуы керек. Жолаушылар тасымалын дамыту үшін қолданыстағы әуе кемелерінің паркін тұрақты негізде толықтырып, жаңарту қажет.
  • Көлік министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы авиация саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -