Атырауда әскери оркестр соғыс жылдарының әндерін орындады

3344
Фотосурет: ҚР ҰҰ “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Бүгін Атырау қаласындағы “Насиха” сауда орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери оркестрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция аясында соғыс жылдарындағы патриоттық әндерді орындады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ардагерлерге құрмет көрсету және қоғам назарын тарихи оқиғалардың маңыздылығына аудару. Оркестрдің орындауында шырқалған “Катюша”, “Журавли”, “Смуглянка” сияқты әндер көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Күтпеген музыкалық тартуды тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, ерекше ықыласпен қабылдады. Көпшілік қатарында Жеңісті жақындатқан ардагерлер мен олардың ұрпақтары да болды. Жиналған қауым патриоттық әндерге қосылып, әскерилермен бірге шырқады.

Бұл әндер біздің жүрегімізге жақын. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ соғыстың қандай ауыр кезең болғанын түсінеді. Өнерпаздарға алғысымыз шексіз Деді қала тұрғыны Айнұр Ниязқызы

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Әскери оркестр қаланың әртүрлі орындарында концерттер ұйымдастырып, патриоттық рухты көтеруді көздеп отыр.

Шара соңында көрермендер оркестрге ұзақ қол шапалақтап, алғыстарын білдірді. Осылайша, Атырау тұрғындары соғыс жылдарындағы әндердің үнін тағы бір мәрте сезініп, Жеңіс рухын жүректерімен сезіне білді.​​​​​​​

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -