Болашақ гиді: Экскурсоводтар Қазақстанның имиджін қалай қалыптастырады

2354
Фотосурет: po.qr-pib.kz

ҚР ПІБ Президенттік орталығында 21 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік экскурсоводтар күніне арналған елордалық гидтер мен экскурсоводтардың І Форумы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аталған іс-шара Астана қаласының әкімдігімен, «Астананы дамыту орталығы» ЖШС-мен, Астана гидтер клубымен, Қазақстанның гидтер және экскурсоводтар одағымен, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шараға экскурсиялық қызметтің 100-ге жуық астаналық және өңірлік өкілдері қатысты.

2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев орнықты туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтіп, оны ілгерілету жөніндегі күш-жігерді жандандыруды айтты.

2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында туризм саласын экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін маңызды бағыттардың біріне айналдыруды, инвестициялық тартымдылықты арттыру, инфрақұрылымды дамытуды, сапалы туристік қызмет көрсететін жоғары білікті мамандарды даярлауды тапсырды.

«Сапалы туристік сервис құрудағы маңызды шарт білікті кадрлар даярлау болып табылады. Туристер мен елдің бай мұрасы арасындағы байланыстырушы буын болып табылатын жоғары білікті гидтер ерекше рөл атқарады. Гид-экскурсовод ел өкілі, тарихи мұра әлеміне жолсерік, қонақтарда Қазақстан туралы әсерді қалыптастыратын мәдени елші болып табылады. Оның кәсібилігіне, біліміне, шеберлігіне және жеке қасиеттеріне саяхатшылардың әсері қаншалықты жарқын және есте қаларлық болатыны байланысты. Жоғары білікті гид Қазақстанның тарихы, мәдениеті, этнографиясы және географиясы саласында ауқымды білімге ие болуы тиіс. ҚР Президенттік орталығы елорданың ең маңызды туристік нысандарының бірі ретінде тарихи жадын сақтауға және мәдени туризмді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Экскурсоводтардың кәсібилігінің арқасында Президенттік орталық еліміздің саяси тарихына қызығушылық танытқан жастарға, зерттеушілерге, дипломатиялық делегацияларға және туристерге арналған мәдени-білім беру алаңына айналуда» ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев 2024 жылы елордаға келген туристер саны 2023 жылмен салыстырғанда 14% -ға өскенін және шамамен 1,5 млн адамды құрағанын, сонымен қатар олардың Қытай, Түркия, Ресей, Үндістан, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ елдерінен келгенін атап өтті.

Өз сөзінде «Kazakh Tourism ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы компанияның қызметі туралы, сондай-ақ елде туризмді дамыту саласындағы қолданыстағы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

«Бүгінгі форум - бұл тәжірибе алмасу, экскурсиялық істегі жаңа әдістер мен трендтерді талқылау, сондай-ақ біздің саланы одан әрі дамыту векторын айқындау мүмкіндігі. Бірлескен күш-жігерімізбен туристік саланы бұдан да сапалы, қызықты және қолжетімді ете алатынымызға сенімдімін» Деп бөлісті Қазақстанның Гид, экскурсия жетекшілері одағының президенті Салтанат Әбжанова

Форумға «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая, Халықаралық туризм академиясының академигі Сапар Ысқақов, «Астана гид клубының» негізін қалаушы Әлия Ахмалишева, «Qazaq Geography» басқарма басшысының орынбасары Әділет Ткенов, «City Pass және Red Bus» директоры Алексей Погодаев, экскурсиялық қызмет саласындағы сарапшы Анвар Ахметжанов, Берік Әлібай музей үйінің директоры Гүлнар Аятбек, «Etno by RomaNova» брендінің негізін қалаушы Анастасия Романова, Театрогид жобасының авторы Амина Бельгибаева, елордалық гид Гүлжан Есенбаева, қоғамдық тамақтану саласындағы сарапшы Вероника Дауғалиева қатысып, пікірлерімен бөлісте. Сонымен қатар, спикерлер елордалық гидтер мен экскурсоводтарды кәсіби даярлау, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар ұсынатын ынтымақтастық пен жеңілдіктер, қаржылық қызмет және салық салу мәселелерін қозғады.

Айта кету керек, 2024 жылы елдегі орнықты туризмнің қазіргі сын-қатерлері мен даму перспективаларын талқылауға арналған fishbowl пікірталас алаңын ұйымдастырған ҚР ПІБ Президенттік орталығы бұл жолы туристік индустрияның алдыңғы қатарында тұрған және туристермен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын гидтер мен экскурсоводтарды жинады.

Форумның екінші күні Maqsut Narikbayev University қабырғасында өтеді, онда іс-шараға қатысушылар кәсіби құзыреттілікті дамытуға бағытталған шеберлік сыныптары мен тренингтерге қатыса алады.

Астанада өтетін гидтер мен экскурсоводтар форумы туристік сала мамандары үшін кәсіби даму мен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын негізгі оқиға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -