Алматы қаласындағы № 118 мектеп-гимназиясында Ұлттық ұланның тағы да бір «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы ашылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында полковник Мақсат Баймағұлов басшылық ететін Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі мен Сәуле Жамали басқарып отырған мектеп-гимназияның арасында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды. Аталған іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында ұйымдастырылды.
№ 118 мектеп-гимназиясының оқушылары алғаш рет «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына мүше болды. Мүшелікке 3 «З» сыныбының 36 оқушысы толық өтті. Олар «Жас бүркіт» антын қабылдап, анттарын қол қойып бекітті. Сынып жетекшісі – Клинник Кристина Владимировна.
5571 әскери бөлімінің өкілдері жаңа құрылған «Жас бүркіт» сыныбына «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының туын, арнайы эмблемасы, береті мен банданын табыстады. Сондай-ақ, бөлімнің әскери оркестрі мен мектеп оқушылары бірлесіп концерттік бағдарлама ұсынды.
2023 жылы өткен Бүкілармиялық Кеңесте Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігін және батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыру керектігін атап өткен еді.
«Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Елдігіміз мәңгі болсын десек, біз нағыз патриот, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Ең бастысы, бұл жұмыс қанша буын алмасса да, тоқтамай, ұдайы жүргізіле беруі керек» Деген болатын Мемлекет басшысы
Президенттің бұл тапсырмасын орындауда Ұлттық ұлан әскері белсенділік танытуда.
Айта кетсек, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 2003 жылы 6 желтоқсанда құрылған. Оның алғашқы жасақталу тарихы Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінен бастау алады. Қанатын кеңге жайған патриоттық клуб бүгінде еліміздің барлық қалаларында бар.