Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскери-есептік мамандықтарды меңгерген 129 мерзімді қызмет сарбазының оқуды салтанатты аяқтау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы оқиғамен оларды білім ордасы бастығының орынбасары полковник Виталий Усенко құттықтады. Ол биыл алғаш рет арнайы байланыс мамандары дайындалғанын атап өтті.
– Бұл орталықта радиотехникалық әскер мамандары, ЗРК-75 және ЗРК-300 қолмен сүйемелдеу операторлары, радиолокациялық станциялар мен радиолокациялық биіктікті өлшейтін құрылғылар, сондай-ақ дизелист-электриктер оқыды. Енді олар әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамалары мен бөлімдеріне қызмет өткеруге жіберіледі, – деп атап өтті полковник В.Усенко.
Бағдарлама әскерлерде тапсырмаларды тиімді орындау үшін қажетті дағдыларды дамыта отырып, теориялық және практикалық дайындықты қамтыды. Оқу аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер сынақтардан өтіп, әскери-есептік мамандықты меңгергені жөнінде куәлік алды.
– Үш айдың ішінде біз көп нәрсені үйрендік. Енді әскери бөлімдерде қызмет етуді жалғастырамыз, алған білім мен дағдыны тәжірибеде қолданамыз. Бұл мамандықтар бізге тек әскерде ғана емес, азаматтық өмірде де кәдеге жарайды деп ойлаймын, – деді мерзімді қызмет сарбазы Айбек Лесбек.
2023 жылдан бастап әскери білім мекемесінің оқу орталығы 200-ден астам кіші маманды даярлады, олардың қатарында мерзімді қызмет сарбаздары мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер де бар екенін айта кету керек.