Жуырда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің жеке құрамы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Төре ауылында 1915 жылы 15 ақпанда дүниеге келген, Төре руынан шыққан, Абылай ханның жетінші ұрпағы, ұлт тарихын жазған ұлы тұлға, тарих ғылымдарының докторы, тарихшы ғалым Ермахан Бекмахановтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған тарихи сабаққа қатысты.
Тарихи сабаққа Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Әйткенов Зият Шайманұлы қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әскерилерге Павлодар облысының Баянауыл өңірі тарихи тұлғалар түлеп ұшқан киелі мекен екендігін жеткізді, Ермахан Бекмахановтың шежіресіне тоқталып, оның Абылай ханның жетінші ұрпағы, Шыңғыстың отыз екінші тұқымы екендігін, төре тұқымынан шыққандығы үшін қудалауға ұшырауы мүмкін болғандықтан, Диқан Әбілевтің оған Ресейдегі оқу орындарының біріне түсуіне кеңес бергенін, Қазақ Мемлекеттік университетінде Қазақстан тарихы кафедрасын ашқан профессор, Қазақ КСР тарихының оқулығын, Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихынан сыр шертетін іргелі еңбек мен ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында Қазақстан атты монография жазған тарихшы ғалым екендігі жайлы құнды мәліметтермен бөлісті.
Сондай-ақ, сабақ барысында ғалымның тыйым салынған Кенесеры Қасымұлы туралы жазған еңбегіне буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінә тағылғаны, ГУЛАГ-тың лагеріне айдалғаны, басынан кешкен тауқіметтері, қоғам қайраткері Анна Панкратованың табандылығының арқасында ақталып шыққаны айтылды.
Тарихи сабақтан әсер алған қатардағы жауынгер Қалибек Даниялахмет: «Мен ғалымның таудай тауқіметті басынан кешуіне қарамастан шыншылдығын, қайтпас қайсарлығын, бекзаттығын сақтап қалғанына тәнті болдым. Өкпесіне суық тиіп, ауруханада жатқанда Ұлы Отан Соғысының даңқты жауынгері, қолбасшы Бауыржан Момышұлы халін сұрап барғанда «Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымды орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені»-депті.Ғалымның осы бір ауыз сөзі маған салмақты ой салды. Осы жасқа келгенше мен елім үшін, болашақ үшін не істедім,біздер неге осы уақытты қадірлемейміз, дұрыс қолданбаймыз екен?!»-деп ағынан жарылды.
Сабақ соңында әскерилерге ғалымның өмір деректеріне негізделген «Аманат» фильмі көрсетілді және де «Рухы биік ұлы перзент атты» кітап көрмесімен танысты. Халық үшін қызмет етіп, тарихты түгендеп, тарих үшін тер төккен азаматтарды білу - парасатты ұрпақтың парызы деп білемін.
Аға лейтенант Дана Мұқанова