Бауыржан Момышұлының сарбазы болдым

1727
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Талдықорғанда Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен Ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалдың шаңырағында болып, құрмет көрсетіп қайтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Сәрсенбай Қаңтарбай 1924 жылы 10 мамырда дүниеге келген. Сәрсенбай қария 1942 жылы әскерге шақыртылып, Аягөзде жасақталған тұңғыш қазақ полкінің құрамына алынған. Автоматшыларды дайындайтын алтыайлық оқу-жаттығудан соң, соғыстың нағыз қайнаған ортасына түседі. Бір жылдан соң, саны сиреген сарбаздар Бауыржан Момышұлы басқарған 9-гвардиялық дивизияға қосылыпты. Оларға сол кездің ең қауіпті әрі құпия қаруын күзету міндеті жүктелген.

"Біз құпияны сақтаймыз деп ант бергенбіз. Ол кезде «Катюша» туралы айтылмайды. Құпия бөлімде болдық. № 49 катюшаны күзеттік. Бір жерде 15 минут тұрады, одан артық тұрмайды. Күндіз тоғайдың ішіне кетіп қалады. Қай жерге жау әскері көп жиналады, соны атады. Бауыржан Момышұлы қатал да, әділ адам ғой. Бұйрық береді. Артыңда Отаның, әке-шешең, елің-жұртың тұр деп жігерлендіреді"  Сәрсенбай Қаңтарбай

9-гвардиялық атқыштар дивизиясының сапында Сәрсенбай ақсақал Польша, Литва, Латвия, Эстония сынды елдерді азат етуге қатысқан. Өмірінің үш жылын майдан даласында өткізген ол Германияға дейін жетеді. Сол мемлекет аумағындағы шайқас кезінде, 1945 жылдың 21 қаңтарында Бауыржан Момышұлымен қатар жараланған. Жаралы солдаттарды ұшаққа салып, Мәскеуге жібереді. Владимир облысы Калчюгин қаласында  емделеді, Жеңісті сол жерде қарсы алады.  Сәрсенбай ақсақал Бауыржан Момышұлымен соғыстан кейін де  дәмдес-тұздас болып жүреді.  

Майдангер елге келген соң, мұғалім және пошташы болып еңбек еткен. Содан болар әлі күнге дейін баспасөзді шолып, радионы тыңдап, телеарнадан жаңалықтарды көруге тырысады. Жүзге жуық немере, шөбере сүйіп отыр. Сәрсенбай ақсақал қазір кенже немересінің күтімінде.

Биыл аталып өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жүріп жатыр. Осы іс-шара аясында  соғыс және тыл ардагерлері үшін көптеген игі істер атқарылуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -