«Непутевые заметки» бағдарламасы алғаш рет Қазақстанды таныстырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Непутевые заметки» танымал саяхат бағдарламасы өзінің 30 жылдық тарихында тұңғыш рет Қазақстанды қалың көпшілікке паш етті. Елімізге арналған алғашқы шығарылымда белгілі журналист Дмитрий Крылов көрермендерді Астананың қайталанбас сәулетімен және ерекше атмосферасымен таныстырады.
Неліктен қазақ халқы қонағына ұнатқан затын сыйға тартады және күмісті алтыннан жоғары бағалайды? Нағыз көшпенді қандай гигиеналық құралдарды қолданған? Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін, Астананың басты нысандарын «Непутевые заметки» бағдарламасы таныстырады.
«Қазақ дәстүрінде қонақ – аспанның елшісі, бағалы сый. Мейманның келуімен тұтас салт-дәстүрлер легі байланысты. Оған дастарқан жайылады, музыкалық аспапта ойнау немесе ән айту сұралады. Аспаптардың ішінде – қобыз, домбыра, адырна және тағы басқалары бар. Үй иесі қонаққа ұнаған затты таңдап алуына және оны сый ретінде қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оған дәстүрлі ұлттық сырт киім – шапан кигізіледі. Сіздерде де осындай дәстүр бар ма? Қонаққа кез келген затты сыйға тартасыз ба? Сізге ол қиын емес пе? Міне, неткен жомарттық! Ал мен әлі дайын емеспін. Дегенмен, адам сүйікті заттарымен де қиналмай қоштаса білуі керек. Мүмкін… Бірақ бұл әркімнің қолынан келе бермейді» Дмитрий Крылов
2024 жылы «Непутевые заметки» бағдарламасының түсірілім тобы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстанға келді. Kazakh Tourism шетелдік журналистер үшін Астана және Ақмола облысының көрікті табиғи орындары бойынша баспасөз турын ұйымдастырды.
Қазақстанға арналған тревел-шоудың алғашқы бөлімі көпшілікке жол тартты - https://t.me/qaztourism/4911. Осы аптада еліміз туралы екінші шығарылым жарық көреді.
Бағдарламаның миллиондаған көрермені Қазақстанды жаңа қырынан танып, елдің бірегей мәдениеті мен табиғатын, көрікті жерлерін тамашалай алады.