Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне орай «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – Алғыс айту мерекесін атап өту аясында қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Алғыс айту күні – еліміздің тарихында бір-біріне құрмет көрсету мен жылы қарым-қатынас орнату үшін маңызды датаға айналып үлгерді. Әрі бұл күн қоғамда достық пен келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Сондықтан да бүгінгі акцияның ауқымы кең деп атап айтуға болады. Бүгінгі концерттік бағдарламамыз осы орталықтағы әртүрлі этнос өкілдеріне позитивті көңіл-күй сыйлап, оларға деген құрметімізді көрсетті деп айтуға болады», – дейді іс-шараны ұйымдастырушыларлың бірі Арман Жәниев.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шара барысында аталған мекемедегі 300-ден астам жалғызбасты қарт пен ерекше қажеттіліктері бар жандарға концерттік бағдарлама ұсынылып, азық-түлік себеттері таратылды.