Алматыда туризмді дамыту: жоспарлар мен нәтижелер

1584
Фотосурет: Gov

Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев тау аймақтарында өзен арналары мен инфрақұрылымды нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тау өзендеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды міндетінің бірі – мұзды-сулы тасқындардың салдарын жою және олардың қайталану қаупін азайту.

«2025 жылдың ақпан айында Есентай өзенінің арнасында тасқын ағынын бәсеңдететін және мұздың жиналуын болдырмайтын жасанды құрылғыларды орнату жұмыстары аяқталды. Жоба аясында 20 мың шаршы метр түптік шөгінділер қоймасы тазартылып, 650 метр жағалау габионды құрылымдармен бекітілді, 39 ұстап қалу құрылысы мен 11 бөгет салынды. Бұл жұмыстарға 1,9 млрд теңге бөлінді», – деді Е. Досаев.

Сонымен қатар, туризмді дамыту мақсатында таулы аймақтардағы туристік нысандарға апаратын жолдардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдың тамыз айында «Мохнатка» және «Горельник» тауларындағы көшкін салдарын жоюға 1,9 млрд теңге бөлінді. Жұмыс барысында 100 мың шаршы метр аумақ тазартылып, 62 мың шаршы метрден астам тау баурайы бекітілді, сондай-ақ 3 км су бұру жүйесі салынды.

Айта кету керек, 2024 жылы тау туризмі инфрақұрылымын жақсарту аясында 1000 км-ден астам тау маршруттары цифрландырылып, оның 750 км-ден астамы көркейтілді, сондай-ақ 13 кемпинг-аймақ құрылды.

Барлық маршрут 2Gis және View Ranger сияқты танымал навигациялық платформада қолжетімді болып, саяхатты жоспарлауды айтарлықтай жеңілдетті. Бағыттарда ақпараттық стендтер, бағыт көрсеткіштері және QR-кодтар орнатылып, туристер олардың күрделілік деңгейі, ұзындығы мен өту уақыты туралы мәлімет ала алады.

«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағын көркейтуге де ерекше назар аударылды. Мұнда ұзындығы шамамен 100 км болатын 10 бағытта жұмыстар аяқталды. «Альпинград», «Титова» және «Поляна Терра» атты 3 заманауи кемпинг-аймақ құрылды.

Бұл шаралар саяхатшылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ аймақтың белсенді демалыс үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -