200 оқушы Ұлттық ұланның әскери бөлімін «жаулап алды»
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне Астана қаласының және Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданының 5 мектебінен 200-ге жуық оқушы келді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олар жедел мақсаттағы бригаданың жауынгерлік қызметімен танысты.
Қонақтар қару-жарақ түрлерін және әскери техникаларды тамашалады. Сондай-ақ оларға сарбаздар жекпе-жек тәсілдерін көрсетті.
Әскерилер жасөспірімдерді қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, қару түрлерін ұстап көруге рұқсат етті.
«Мен әскери бөлімге алғаш рет келіп тұрмын. Көріп-білгенімді айтып жеткізу мүмкін емес. Біздің елімізде осындай әскери қызметшілер барына қуанып отырмын. Бізге, әсіресе, брондалған әскери техникалар қызықты болды. Сыныптастарыммен бірге ішіне кіріп көрдік. Өте қызықты!» №25 мектептің 7 сынып оқушысы Ердәулет Жандарбай
Сонымен қатар №33 және №76 білім ордалары мен әскери бөлім арасында ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.
Бұл мектеп оқушыларының Ұлттық ұлан академиясына түсуіне және офицер атануына мүмкіндік беретін бастамаларға жол ашады.
«Әскер – елдің айбыны. Ал әскердің тірегі де, негізі де – сарбаздар. Сол себепті де болашақ ел қорғаушыларды елдікке үндейтін, патриоттыққа шақыратын іс-шараға арнайы алып келдік. Алдағы уақытта бірлескен жобалар жасауды жоспарлап отырмыз» №76 мектеп директоры Ботагөз Сейдеш
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, іс-шара жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілді.
Мұндай ашық есік күндері Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарында да ұйымдастырылады.