Ақтау қаласындағы Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің жеке құрамы Жеңістің 80 жылдығына арналған “Жеңіске 100 күн қалғанда” акциясы аясында тыл ардагері Любовь Боброваны арнайы құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында ұландықтар ардагерге құрмет көрсетіп, арнайы сыйлықтарын тарту етті. Әскери оркестр майдан жылдарындағы әндерді орындап, ерекше атмосфера сыйлады.
Ардагер Любовь Боброва өз кезегінде Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғысын білдіріп, еліміздің бейбітшілігін қорғау жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
“Сіздердің жас ұрпақ ретінде ел қорғаны болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып жүргендеріңіз біз үшін үлкен қуаныш. Бейбіт күннің бағасын білу – ең басты құндылық. Сіздерге мықты денсаулық, табыс және туған елге адал қызмет етуді тілеймін!” Любовь Боброва
Бұл игі шара – ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпаққа дәріптеудің жарқын үлгісі. Ұлттық ұлан сарбаздары алдағы уақытта да мұндай кездесулерді ұйымдастырып, батырларымыздың ерлігін ұлықтауды жалғастыра бермек.