2025 жылғы қаңтарда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қызметі негізінен қарыз алушылардың алаяқтық әрекеттер, тұтынушылық қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы жолданымдарын қараумен және олардың борыш жүктемесін азайту шараларын қабылдаумен байланысты болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы қаңтарда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 13 444 жолданымын қарады, бұл 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 14,3%-ға көп.
Жолданымдардың ең көп үлесі – жолданымдардың жалпы санының 53,6%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша жолданымдар жалпы санның 36,2%-ын, коллекторлық агенттіктердің 4,3%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 1,0%-ын, өзге ұйымдардың 4,2%-ын, атауы көрсетілмеген қаржы ұйымдарының 0,7%-ын құрады.
2025 жылғы қаңтарда Агенттік 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 28 хаттама бойынша жалпы сомасы 14,8 млн теңгеге 7 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:
- банктерге қатысты 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша жалпы сомасы 983 мың теңгеге 2 әкімшілік жаза;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 24 хаттама бойынша жалпы сомасы 12,9 млн теңгеге 3 әкімшілік жаза;
- сақтандыру ұйымдарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 1 хаттама бойынша жалпы сомасы 393,2 мың теңгеге 1 әкімшілік жаза;
- коллекторлық агенттіктерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 1 хаттама бойынша жалпы сомасы 369,2 мың теңгеге 1 әкімшілік жаза.
Агенттік жалғыз баспананы сақтап қалуға және борыш жүктемесін төмендетуге бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) үш бағыт бойынша іске асыруда.
Бағдарламаның 2004 – 2020 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған бірінші бөлігі шеңберінде 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банктер 204,9 млрд теңге сомаға 32,7 мың қарызды қайта қаржыландырды.
Бағдарламаның 01.01.2016ж. дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялауға/қайта қаржыландыруға бағытталған екінші бөлігі шеңберінде банктер 114 млрд теңге сомаға 15,7 мың валюталық ипотекалық қарызды конвертациялауды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздарды конвертациялау /қайта қаржыландыру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банктер ХӘОТ санатындағы 10,6 мың қарыз алушыға 93,1 млрд теңге сомасына қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қосымша көмек 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ қарыз алушының банктің балансындағы жалғыз баспанасын меншігіне қайтару түрінде көрсетілуде.